Марин Томасов: Қарсыластың осал тұсын пайдаланып кеттік
«Астана» Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Мальта чемпиондары «Валлетта» командасын 5:1 есебімен тас-талқан етті.
Ойын соңында елорда командасының жартылай қорғаушысы Марин Томасов кездесу туралы пікірімен бөлісті:
— Өте жақсы ойын. Барлығы тамаша ойнады. Алайда, Мальтадағы қарымта кездесуге жүз пайыз дайын болуымыз қажет. Нәтиже жақсы, бірақ футболда барлығы орын алуы мүмкін. Сондықтан да жұмыс жасап, келесі кезеңге өтуіміз керек.
— (Орыс тілінде) Енді демалуға барасыздар ма?
— Ешқашан!
— Орыс тілінде жақсы сөйлейді екенсіз?
— Аздап. Біз демалуға емес, маңызды ойын өткізуге барамыз. Футболда барлығы болуы мүмкін. Қарсылас лайықты деңгейде дайындалып, бізден өш алуы да ықтимал. Сондықтан, бүгінгі ойын есебін ұмытып, сөзсіз плей-офф кезеңіне жолдама алуға тиіспіз.
— Біздің ютуб арнамызға қашан ойын жейдеңізді сыйға тартасыз? (Басқа журналистің сұрағы)
— Мен нақты айта алмаймын. Кезекте тұрған көп адам бар. Сіздің кезегіңіз келгенше, мен осы команда құрамында әлі де ойнаймын деген ойдамын.
— Команданың босаңсуы соғылған голға алып келді дей аласыз ба?
— Солай болуы да мүмкін. Егер біз босаңсуға жол беретін болсақ, , қарсылас кез келген сәтте жазалауы ықтимал. Дегенмен, бүгінгі нәтижеміз өте жақсы. Алайда, қарымта ойын алдында 5:1 есебін бір сәтке ұмыту қажет.
— Қарағандыда неліктен жеңіліп қалдыңыздар?
— Бұл футбол. Оны түсіндіру өте қиын. Бұл сұрақты бас бапкерден сұрағаныңыз жөн болар. Біз ол ойынды толықтай талдып, «Ақтөбеге» қарсы кездесуде жеңіске жетеміз деген үміттемін.
— Бүгін ойынның басым бөлігі оң қапталмен өрбіді...
— Солай болды... Себебі, қарсылас команда маған қарсы бірнеше қорғаушыны қойғандықтан, ойын бос кеңістік арқылы өрбіді. Біз қарсыластың осал тұсын пайдалануға тырыстық. Барлық ойын бірдей бола бермейді.
— Келесі ойында Томасовтан төрт гол күте аламыз ба?
— Неге күтпеске? Ешқашан болжап білмейсің. Қолдан келгенше гол соғуға тырысамыз. Бірақ, ол оңай емес.