Рунар Мар Сигурьонссон: Бұдан да көп гол соғуға болар еді
«Астана» Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңі аясында Мальта чемпионы «Валлетта» командасын 5:1 есебімен тас-талқан етті.
Ойын соңында аталмыш кездесуде дубль авторы атанып, еншісіне бір нәтижелі пас жазған елорда командасының исландиялық жартылай қорғаушысы Рунар Мар Сигурьонссон кездесу туралы пікірімен бөлісті:
— Рунар, жеңіс құтты болсын! Бұл кездесуде бес голдан да көп гол соғуға болар ма еді?
— Рахмет. Әрине, көбірек гол соғуда болар еді, Сізбен толықтай келісемін. Бізде бірінші таймда есепті еселейтін кем дегенде тағы бір мүмкіндік болды. Қарсылас қақпашысы тамаша ойын көрсетті. 5:1 өте жақсы нәтиже. Дегенмен, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік болған.
— Қонақтардың гол соғып кеткен сәтін қалай түсіндіре аласыз?
— Бұл жағдайды түсіндіру өте қиын. Біз босаңсыған жағдайда, қарсылас команда жазалап кетті. Дегенмен, біз одан кейін есепті еселеп, қарымта кездесу алдында жақсы доп айырмашылығына қол жеткіздік.
— «Валлетта» бас бапкері «Астана» келесі кезеңге өткенін айтты. Осы орайда, жауапты ойыннан не күтесіз?
— Біз жарты жолды енді ғана артқа тастадық. Біз қарымта кездесуге барынша жауапкершілікпен қарауға тиіспіз. Мальтада мүлде басқа ойын болары анық. Барынша тыңғылықты дайындалып, гол соғуымыз қажет. Иә, бүгінгі нәтиже өте жақсы. Дегенмен, сырт алаңда да жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтуіміз керек.
— Қазақстан чемпионатында неше ойын өткізіп үлгердіңіз?
— Премьер-Лигада... Үш немесе төрт ойын. Еурокубок аясында бес кездесу. Шынын айтсам, өзім шатасып кеттім.
— Біздің Премьер-Лига туралы не айтасың?
— Мен әлі барлық командаларды көріп үлгерген жоқпын. Дегенмен, лиганың деңгейі мен күткеннен өте жоғары. Бұл мені шын айтсам таң қалдырды. Барлық кездесулер әртүрлі. Жасанды алаңнан кейін, табиғи алаңға үйренісу қажет. Біз үшін барлық жағдайға дайын болу өте маңызды. Егер босаңсыған жағдайда, кез келген команда бізді жеңіп кетуі мүмкін. Сондықтан, әр ойынға тыңғылықты дайындалу қажет.
— Қарағандыдағы кездесудің нәтижесі туралы не айтасыз?
— Ойын күнтізбесі өте тығыз болғандықтан, қанша кездесу өткізгенім тіпті есімде жоқ. Қалыпқа келіп, ілгері жылжу қажет. Біздің команданың құрамы өте жақсы. Қосалқы құрамда алмастыратын ойыншылар жеткілікті. Алдағы ойында ротация болады деп ойлаймын. Барлық жігіттер Еуропа Лигасында да, чемпионатта да командаға өз көмектерін беруге дайын.
— Еуропада ұлттық чемпионаттар енді басталып жатыр. Ал бізде нағыз қызған шағына келдік. Бұл біздің командаға басымдық бере ме?
— Мен чемпионатта да, Еуропада да ойнағанды ұнатамын. Себебі, ойындар арасында үш күн ғана үзіліс болады. Біздің барлығымыз алаңда көбірек уақыт өткізгенді қалаймыз. Барлығы біз үшін оңай болмасы анық. Дегенмен, біздің құрам алдымызға жүктелген міндеттерді шешуге толықтай қауқарлы.