ҚПЛ. Күдікті «Қайсар», жомарт «Астана», тәртіпсіз «Қайрат»
Премьер-лигадағы кезекті турда жанкүйерлер екі дерби көрді. Орталық Қазақстанда «Шахтер» «Астанадан» маусымда екінші рет айла асырды. Оңтүстікте «Ордабасы» «Тараздан» ұтылды. Турнирлік кестеде де біршама өзгерістер орын алды. «Тобыл» тағы көш бастады. «Қайрат» «Астананы» қуып жетті. «Ақтөбемен» қоштаса беруге де болатын секілді.
21-тур ойындар екі күнге бөлінді. Сенбіде «Жетісу» Ақтөбеден үш ұпай алып кетті. Алаң қожайындарын көптен күткен, жергілікті жанкүйерлердің сүйікті футболшысы Маркос Пиззели де жеңілістен құтқарып қала алмады. Өткен турда «Тобылды» тақтан тайдырған «Қайсар», кестеде өздерінен екі саты төмен тұрған «Оқжетпеске» есе жіберді. «Қасқырлардың» соңғы ойындардағы нәтижелері күдік тудыратынын көпшілік тілге тиек етіп жүр. Шынымен де, «Қайсар» «ұшарын жел, қонарын сай білетін» команда.
«Ертіс» — «Қайрат» 0:2 (0:1)
Голдар:<span> </span>Сұлтанбек Астанов 20, Айбол Әбікен 67
Қазақстан кубогы мен еурокубоктан шығып қалған «Қайрат» енді ел чемпиондығына таласады. Павлодардағы матчта Алексей Шпилевский бірнеше негізгі футболшысына демалыс берді. Бауыржан Исламхан, Гафуржан Сүйімбаев, Исламбек Қуат, Адеринсола Эсеола секілді ойыншылар қосалқы құрамда қалды. Әйткенмен, алматылықтардың жас футболшылары «Ертіске» қарсы матчта жеңіс әкелді. Бірінші таймда ҚПЛ-дағы осы маусымда 9-шы ойынын өткізген Сұлтанбек Астанов мергендік танытты. 20 жастағы клуб түлегінің бұл алғашқы голы. Екінші таймда тыңнан қосылған Айбол Әбікен есепті еселеді. «Ертісте» бұл ойында біршама мүмкіндіктер болды. Керекулектер ұпайсыз қалғанына тек өздерін ғана кінәлауы тиіс.
Айта кету керек, «Қайрат» тағы да тәртіпсіздік танытты. Еуропа лигасындағы ең соңғы ойынында үш қызыл қағаз алғаны есімізде. Бұл ойында сербиялық Небойша Косович матчтың алғашқы жарты сағатына жетпей-ақ алаңнан қуылып тынды. Осы жерде Шпилевскийдің тағы бір осал тұсы байқалады. Темірдей тәртіп болған жерде бұндай жауапсыздық болмауы керек. Беларусиялық бапкердің футболшылар алдындағы беделі жоқ секілді.
Осы матчтан кейін «Қайрат» «Астанамен» ұпай саны бойынша теңесті. Қос команда 2-3 орындарды бөлісіп тұр. «Ертіс» болса 11-ші орынға түсіп қалды.
«Шахтер» — «Астана» 1:0 (1:0)
Гол:<span> </span>Иван Пешич 39
Қарағандылық «Шахтердің» «Астанаға» қарсы ешкім білмейтін қаруы бар ма дейсің. «Кеншілер» чемпиондармен осы маусымда екі рет кездесті. Екеуінде де үш ұпайдан алды. Өз алаңында ойында команда қарымта шабуылда сауатты ойнай білді. Бірінші таймның аяқ жағында хорватиялық Иван Пешич маусымдағы жетінші голын соқты. Матчың аяғына дейін есеп өзгермеді. Роман Григорчук шәкірттері бірнеше сәтте мүлт кетті. Қақпашы Игорь Шацкийдің де ерлігін айта кеткен жөн. Бірнеше сәтте қақпасын аман сақтап қалды. Қарағандылықтар өз алаңында өткізген соңғы үш матчта да 1:0 есебімен жеңіске жетті. Осы ойыннан кейін «Шахтер» алғашқы алтылыққа екі ұпай көлемінде жақындай түсті.
«Астана» көш басына бір турға ғана оралыпты. Елордалықтар үшін маусымның ең қиын кезеңі келді. «Тобыл» мен «Қайрат» чемпионат үшін ғана бас ауыртса, бұл команда еурокубокты да ойлауы керек.
«Тараз» — «Ордабасы» 1:0 (1:0)
Гол:<span> </span>Серж Ньюадзи 7
Оңтүстік Қазақстанның дербиінде «Ордабасы» «Таразға» қонаққа барды. Екі команда үшін де тек қана жеңіс қажет болатын. «Тараз» ҚПЛ-да қалсам дейді. «Ордабасы» алыптардың алдын орап алтыннан алқа тақсам дейді. Алғашқы айналымда шымкенттік команда Вахуд Масудов жігіттерін ойсырата ұтқан болатын.
Тараздағы кездесуде «Ордабасының» жолы болмады. Жылдам гол өткізіп алды. Бірінші таймда ақ Абдуллай Диакате алаңнан қуылып кетті. Екінші таймда есеп өзгеріссіз қалды. Он футболшымен қалған Кахабер Цхададзе командасының ұпай алуға шамасы жетпеді.
«Қайсардың» босбелбеулігі ғана «Ордабасыны» құтқарып жүр. Себебі, қызылордылықтардың орнына басқа команда болғанда шымкенттіктерді төртінші орыннан түсіріп тастар ма еді. Чемпиондықтан дәмесі бар команда чемпионаттағы соңғы төрт матча бір доп қана соқты. Көшбасындағы «Тобылдан» бес ұпай қалып тұр. «Тараз» осы жеңістен кейін бірден екі саты жоғары көтерілді. 19 ұпайы бар жамбылдықтар тоғызыншы орында.
«Атырау» — «Тобыл» 0:1 (0:1)
Гол: Сенин Себаи 38
Шілде айында жеңісті мүлдем ұмытқан «Тобыл» 21-ші турда аутсайдерлердің бірі «Атыраумен» кездесті. Бір гол соқты, үш ұпай алды, көшбасына қайта оралды. «Мұнайшылардың» сүреңсіз ойынын айта кеткен жөн. Өз алаңында ойнаса да «Атырау» нәтижелі ойын көрсете алмады. Чемпионат қорытындысы бойынша бірден екі батысқазақстындық команда Бірінші лигаға түсіп қалуы әбден мүмкін. Ал, «Тобыл» бірінші орында қай уақытқа дейін тұрады екен? Чемпион болады дегенге сену қиын. Бірақ, біздің чемпионатта бәрі мүмкін.