Кахабер Цхададзе: Жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз
Шымкенттік «Ордабасының» бас бапкері Кахабер Цхададзе чехиялық «Млада-Болеславқа» қарсы өтетін ойын алдындағы баспасөз жиынын өткізді.
— Баршаңызға қайырлы күн, сіздерді осында көргеніме қуаныштымын жəне келгендеріңізге рахмет. Ал матч жайлы айтсақ, алғашқы ойын лайықты қарсыластардың жолыққанын дəлелдеді. Ертеңгі матчтағы бастысы, қай команда өз ойынын көрсетсе, сол команда келесі кезеңге өтеді.
«Млада-Болеслав» командасы британдық футбол стильімен ойнайды: допты бірден жеткізу, көптеген алыс пастар, талас-тартыс — біздің осы нəрселерге дайын болуымыз керек, бірақ бізге өз ойынымызды ортаға салу қажет. Біз алғашқы ойында қауіпті сəттерді бірнеше рет жасай алдық, қазір керегі үйдегі ойында барымызды салу. Жанкүйерлер көптеп келеді деген ойдамын, бізге белсендірек ойнау маңызды. Алғашқы кездесуді біз жақсы бастадық, гол салып, қорғанысқа көп көңіл бөлдік, бірақ, енді бұлай жасамауымыз қажет, басымдықты қарсыласқа беруге болмайды, тек өзімізге үйреншікті ойынды ойнауға тырысамыз. Қалай болатынын көреміз. Жақсылап дайындалудамыз, өте маңызды ойын. Біз бірінші кезеңнен өткен кезде — жанкүйерлер біздің қарқынымызды көріп, ары қарай да сəтті өнер көрсетуімізді талап ету үстінде. Бұл бір жағынан қуантады, біздің футболшылар жанкүйерлерге ұнайтын ойын мəнерін көрсетуде жəне бұл нəтижесін беруде, ал басқа жағынан алып қарағанда, бұл жанкүйерлер алдындағы үлкен жауапкершілік. Сондықтан, ертең жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз.
— Кахабер Цхададзе, ойыншылар өздерін қалай сезінуде: үш күн бұрын «Ертіске» қарсы қиын матч болды, сіз көптеген футболшыларға демалыс бердіңіз жəне олар қалыпқа келіп үлгерді ме?
— Солай деген үміттемін. Осыған дейін өте көп уақыт ойнаған футболшыларға демалуға мүмкіндік беруге тырыстық. Менің ойымша, олар бұл ойынға дайын. Ал жақында ғана ойнаған ойыншыларға келсек, біздегі жаттығу жұмыстарында оларды қалыпқа келтіруге тырысамыз. Олар да физикалық тұрғыда жақсы күйде болады деген сенімдемін, себебі бұл ертеңгі ойын қарсаңында өте маңызды. Тағы да қайталаймын, қарсылас британдық ойын стильін қолданады, олар алаңда көптеген талас-тартыс көрсетеді, ауадағы күрес, күш жағынан күрес, осының бəріне дайын болуға тиіспіз, бірақ өз ойынымызға көбірек мəн беруіміз қажет. Құдайға шүкір, барлығы да командаға пайдасын тигізгісі келеді.
— Қалай ойлайсыздар, ертең стадионға қанша көрермен жиналады?
— Біз ертең стадион толы болады деген үміттеміз. Барлығы осы ойынды күтуде, сондықтан көп жанкүйерді көргіміз келеді.
— 1:1 есебі біздің команда үшін айтарлықтай ыңғайлы емес пе? Ертеңгі ойынға ойыншылар босаңсып шығып, тек тең нəтижені ұстап қалуға тырысады деп ойламайсыз ба?
— Психологиялық жағынан мұндай жағдайлар футболшыларда болып тұрады, бірақ бізге бұл нəрсені қандай жағдай болса да жасамау қажет. Өз ойынымызды көрсету керек, біз үйде ойнайтын боламыз — сондықтан жеңіс үшін ойнау қажет. Ешқашан да тең есепке ойнамауға тиіспіз, егер мұндайға психологиялық тұрғыдан дайын болмасақ, мəселелер туындайды. Егер қарсыласқа мүмкіндік беріп қоятын болсақ, олар өз күшімен, бізге үлкен қиындықтар тудырады. Бізге өзіміз белсенді ойнау керек, ойын стильдеріміз əртүрлі болса да, допқа көбірек иелік ету маңызды. Өткен ойында бізде өзара пас алмасып, жақсы шабуылдаған сəттеріміз болды жəне дəл осылай жиірек ойнау қажет. Кей кездерде оларға прессинг жасау да қиынға соқты, себебі олар өздерінің алыс пастарымен қақпаны көздеуге тырысты. Осындай сəттерде қорғаушылардың қалай ойнайтыны, қалайша допты тартып алатыны маңызды. Бізге екінші голды соғуға күш жұмсап, өз ойын мəнерімізбен ойнау керек.