Григорчук: Міндет – Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу
- Менің командамның көрсетіп жатқан ойынына толықтай көңілім толады. Әсіресе, «Таразға» қарсы кездесуде жігіттер жақсы ойын үлгісін көрсетті. Ертең де біздің ойыншылар сол жолдан таймаса екен деймін.
- Бірінші ойыннан кейін қарсыластың қандай осал тұстарын байқадыңыз?
- Мен қарсыластың қателіктері туралы айтудан аулақпын. Ол менің тарапымнан дұрыс болмайды. Біз қарсыластың осал тұсын анық білеміз және оны алаңда пайдалануға тырысамыз.
- «Астана» жеребе тарту рәсімінен кейін «Санта Коломаға» қарсы кездесудің анық фавориті атанды. Сондықтан, ертең негізгі құрамда жеңіске жету тапсырмасы жүктелді ме?
- Мен кез келген қарсыласқа үлкен құрметпен қарайтындықтан, фаворит туралы айтқым келмейді. Біз чемпиондық жолда болғандықтан, кез келген елде чемпион атану өте қиын екенін жақсы білесіздер. Чемпион команда өз елінде үздік болғандықтан, оларға құрметпен қарауымыз қажет. Статистикаға көз жүгіртер болсаңыз, барлық уақытта фавориттер жеңіске жете бермейді. Сондықтан, мен кез келген қарсыласқа қарсы өте тыңғылықты дайындалып, олардың осал тұстарын табуға тырысамын. Ертеңгі ойынға келер болсақ, барлық ойыншылар кездесуге сақадай сай дайын. Біздің өзімізге қажетті нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндігіміз өте жоғары.
- Соңғы кездесулерде Марин Томасовты жиі алмастыруыңыздың себебі неде?
- Қапталдағы шабуылшылар – алаңда үлкен міндет атқаратындықтан, олардың рөлі өте маңызды. Бұл футболшылардың жылдам әрі, тың болуы біз үшін өте маңызды. Сол үшін де ротация ауадай қажет. Жаңа футболшыларың қатарға қосылуымен, менде дәл осындай мүмкіндік пайда болып отыр. Бұл шешімім оларға да, командаға да өз пайдасын әкелетініне сенімдімін.
- «Таразға» қарсы кездесудегі өзгерістерді есепке алатын болсақ, «Санта Коломаға» қарсы алағашқы ойынмен салыстырғанда ертең құрамда өзгерістер бола ма?
- Мен әлі де кімнің нақты алаңға шығатынын толықтай шешкен жоқпын. Бүгін жаттығуда жігіттердің соңғы дайындықтарын бақылап, бапкерлер құрамымен ақылдасып, негізгі құрамда кімдердің алаңға шығатынын шешетін боламын.
- Жақында клубтың бас директоры тағайындалды. Ол кісімен команданың маусымға қойған мақсатын талқылап үлгердіңіздер ме?
- Бізге жүктелген міндет айқын – чемпиондық атақ пен Еуропа лигасының топтық кезеңіне жолдама алу.
- Команда құрамында бірнеше жас ойыншылар бар. Олар осы маусымда алаңға шығуға мүмкіндік ала ма?
- Менің ойымша, иә.
- Дмитрий Шомконың баспасөз жиынына келуі, оның ертең негізгі құрамда алаңға шығатынына кепілдік бере ме?
- Әрине, жоқ. Мен Диманы футболшы ретінде өте қатты құрметтеймін. Оның бүгінгі баспасөз жиынына қатысуы менің көңілімнен шықты. Оның алаңға шығар-шықпасын нақты айта алмаймын. Алайда, мен оның алаңға шыққанын қалаймын.
- «Астана» Премьер-Лигада бірінші орынға қайта көтерілді. Бұл ертеңгі кездесу алдында командаға қосымша мотивация болуы мүмкін бе?
- Чемпионат аясындағы кездесулер мен ертеңгі ойынның айырмашылығы өте көп. Әрине, психологиялық тұрғыда бірінші орынға көтерілгендігіміз өте жақсы болды. Бұл біздің қазіргі кездегі көңіл-күйімізді көтеретіндігі анық. Алайда, бұл жағдай ертеңгі ойын алдында қосымша күш береді дей алмаймын. Бұл еурокубок бәсекесі болғандықтан, онсыз да команданың жігері жеткілікті деңгейде.
- Мубеле 100% дайын ба?
- Мен оның «Таразға» қарсы гол соққанына өте қуаныштымын. Алайда, ол толық дайын деп айта алмаймын. 8-10 күн аралығында ол өзінің нағыз бабына келеді деген үміттемін.