ҚПЛ. «Қайсар» Жұмасқалиевті «құттықтады», «Астана» көш басына оралды
Қазақстан Премьер-лигасының 20-тур ойындары аяқталды. Интрига қызып тұр. Бірінші мен төртінші орын арасы бар болғаны төрт ұпай. Бұл турдағы барлық матчта алаңдағы бір команда ғана гол соқты. «Тобыл» қатарынан үшінші тур өз алаңында жеңілді. Қостанайлықтарға алаң жиегінде бапкерлік қызмет атқарған атақты Нұрбол Жұмасқалиев те көмектесе алмады. Нұр-Сұлтанда Таразды ойсырата ұтқан «Астана» бірінші орынға шықты.
«Қайрат» 20-турдың матчын еурокубокқа қатысатынына байланысты сәуір айында өткізген болатын. Ол кезде алматылықтар «Атыраудың» қақпасына екі доп соғып, үш ұпайды қанжығаға байлаған еді. Соңғы кездері әр ойынын тартысты өткізіп, әбден шаршаған Алексей Шпилевский шәкірттері «Хапоэльмен» болатын қарымта матч алдында демалыс алды.
Қалған бес ойын сенбі-жексенбіге бөлінді. Сенбіде «Ақтөбенің» бес матчқа созылған жеңіліссіз сериясын Көкшетауда жергілікті «Оқжетпес» тоқтатты. Ал Дмитрий Огайдың «Жетісуы» қарағандылық «Шахтерге» соңғы жеті ойында алғаш рет қарсыластың мықтылығын мойындауға мәжбүр етті.
ҚПЛ. 20-тур.
«Тобыл» - «Қайсар» - 0:2(0:2)
Голдар: Куле Мбомбо 8, 21
Алаңнан қуылды: Виктор Дмитриенко 90+3
Владимир Газзаев кеткелі бері «Тобылға» бапкер табылмады. Сондықтан қостанайлық клубтың аңызы Нұрбол Жұмасқалиев команданың бас бапкері қызметін атқарушы міндетіне кірісті. Әйткенмен, команданың ойынын, психологиясын аз уақытта өзгерту қиын. «Қайсармен» болған кездесудегі «Тобылдың» көрсеткен ойынына қарап, бұл ұжымның қалайша алдынғы орындарда жүргеніне таң қаласың. Қонақтардың шеберлігі жоғары болғанда Эмиль Балаевтың қақпасына тағы екі-үш доп кіретін еді. «Қасқырлар» екі голмен ғана шектелді. Қостанайдағы ойында Куле Мбомбоның ойыны жүрді. Футболшы бірінші таймның ортасына дейін екі гол соғып тастады.

«Қайсар» өз жерінде өткен аптада «Ақтөбеге» сөзсіз есе жіберді. Стойчо Младеновтің командасын түсіну қиын, бүгін Қостанайда мүлде басқа команданы көрдік. Әлде «Тобылға» сақтап қалған кегі бар ма, деп те ойлайсың. Әрине, спорттық жағынан. Себебі, бірінші айналымда қостанайлық клубты «Қайсар» Қызылордада тас-талқан еткен еді. Осы матчтан кейін «қасқырлар» бесінші орынын да, «Жетісумен» арадағы төрт ұпай айырмашылығын да сақтап қалды. «Тобыл» болса екінші сатыға сырғыды. Қостанайлық клубқа қарау өте аянышты.
«Астана» — «Тараз» 4:0 (1:0)
Голдар: Янга 33 (1:0), Мубеле 63 (2:0), Янга 71 (3:0), Томасов 87 (4:0).
«Астана» екі аптадан бері ҚПЛ-ды ұмытып, тек еурокубоктарда ойнап жүрген. Ел чемпионатын сағынған болса керек, өз алаңында «Таразды» сергелдеңге салды. Ойынның басында алаң қожайындары 20 жастағы қақпашы Мұхаммеджан Сейсеннің қақпасының кілтін таба алмай қойған. Әйтеуір 33-минутта Рангело Янга есеп ашты. Екінші таймда чемпиондарды тоқтатуға жамбылдықтарда күш қалмаған еді. Конголық Фирмин Мубуле біріншіліктегі алғашқы матчында мергендік танытты. Янга дубль авторы атанса, Марин Томасов чемпионаттағы оныншы голын соғып, матчтың нүктесін қойды. Еурокубоктағы «Санта-Коломамен» болатын жауапты кездесу алдында Роман Григорчук шәкірттері сенімді жеңіске жетті.
Ел чемпиондары осы ойыннан кейін көш басына оралды. «Тобылдан» екі, «Қайраттан» үш, «Ордабасыдан» төрт ұпайға алда тұр. «Тараз» 16 ұпайымен 11-орында.
«Ордабасы» - «Ертіс» - 1:0(1:0)
Гол: Алексей Щеткин 75
Алексей Щеткин голсыз сериясына нүкте қойды! ҚПЛ-да соңғы рет наурызда торды тулатып еді. Шымкенттіктер «Ертіске» қарсы бірінші таймда біраз қиналды. Кахабер Цхададзе еурокубок алдында бірнеше негізгі футболшысына демалыс беруді жөн көрген екен. Соның салдарынан, «Ордабасы» ұпай жоғалтып алуы да мүмкін еді. Дегенмен, голға келгенде қалың ұйқыда жүрген Щеткин дер кезінде оянып, командасына жеңіс сыйлады.
Шымкенттік ұжым екі майданда да жақсы шайқасып жүр. Еуропа лигасында қонақта Чехияда жақсы нәтижені еншіледі. Маңыздысы, өз алаңындағы кездесуде гол жібермесе болды. Ішкі біріншілікте чемпион атануы да әбден мүмкін. Тақыр жерде таятын «Астана» мен «Қайрат» өз күштеріне сенімді командалар секілді көрінбейді. «Тобылдың» күйі түсінікті.
Керекуліктердің арман-мақсаты басқа. Жан бағып жүр. «Ордабасының» жерінен бір ұпай алу да бұйырмады. Команда 11-орындағы «Тараздан» бір ұпайға ғана озып тұр.