Қазақстан футбол федерациясы қайырымыдылық матчын өткізді
Танымал спорт журналисі Галина Полевая ауыр науқасқа шалдыққан болатын. Оны қолдау үшін жасыл алаңға спорт журналистикасының майталмандары мен қазақстандық футбол ардагерлері алаңға шықты.
БАҚ жұлдыздарының құрамында тележүргізуші Айгүл Мүкей, спорт комментаторлары және дикторлары – Ержан Мұқаш, Сергей Райлян, Ермұхамед Мәулен, Ермек Төренияз, Александр Олейник, Ербол Қайыров, Мұратбек Биманов, Марлен Бейсебаев, спорт журналистері Нұрғазы Сасаев, Айдын Қожахмет, Ардақ Тоғымов, Дания Әбділова және басқалары болды. Сонымен қатар, Галина Полеваяның қызы, анасының журналистикадағы жолын жалғастырған Анастасия Вылегжанина қатысып, допты ойынға қосты.
Футбол ардагерлерінің құрамын ХХ ғасырдағы еліміздің ең үздік футболшысы Сейілда Байшақов, алматылық «Қайрат» футбол клубының аңыздары Құралбек Ордабаев, Юсуп Шадиев, Михаил Гурман, Александр Убыкин, Асқар Әбілдаев, «Астана» футбол клубы мен Қазақстан Ұлттық құрамасының экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов, Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Рәзия Нүркенова, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚКФЛ президенті Олжас Абраев, қазақстандық футболдың ардагерлері Талғат Байсуфинов, Иван Азовский, Игорь Свечников, Қазақстан қыздар құрамасының жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова болды.
БАҚ құрамасы ойын басында жылдам екі гол соғып, алға шықты. Алайда, ардагерлер құрамасы үзіліске дейін таразы басын теңестіріп қоймай, алға шығып үлгерді. Екінші таймда журналистер командасы лайықты қарсылық көрсеткенімен, ардагерлер құрамасы жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 6:3.