«Млада Болеслав» пен «Хапоэль» Беэр-Шева жайлы не білеміз?

«Млада Болеслав» пен «Хапоэль» Беэр-Шева жайлы не білеміз?
news-banner7
mobile-news-top

УЕФА Еуропа лигасы екінші іріктеу кезеңінің матчтары қазақстандық командалар үшін басталып кетті. «Астана» қонақта андорралық «Санта-Коломамен» тең түсті. Ел чемпиондары да «Тобылдың» «дертіне» шалдыққан көрінеді. 25 шілде күні «Қайрат» пен «Ордабасы» қонақта екінші іріктеу кезеңдегі алғашқы ойындарын көрсетеді. Prosports.kz қос команданың қарсыластарымен қысқаша таныстырып өтуді жөн көрді.

«Млада Болеслав»

Алдымен, шымкенттік команданың қарсыласы жайлы. «Млада Болеслав» - чехиялық команда. прагалық «Спарта», пльзендік «Виктория» секілді чех чемпионатының алыптарының көлеңкесінде жүрген команда. Чемпионаттағы ең айтулы жетістігі - қола жүлде. Екі мәрте өз елінің кубогын иеленген.

Өткен маусымда бұл команда өз біріншілігінде жетінші орын алды. Чех чемпионатында орындарды бөлу қызық. 30 турдан кейін алғашқы алты команда чемпиондыққа таласады. Бір-бірімен ойнап шығады. Бірінші және екінші орын алған командалар Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Үшінші, төртінші, және бесінші сатыға тұрақтаған ұжымдар Еуропа лигасына жолдама алады. Негізі, Чехиядан төрт команда бұл турнирге қатысуы тиіс. Төртінші жолдамаға кімдер таласады дейсіз ғой. 7-10 орын арасындағы командалар. Жетінші орынға ие болған «Млада Болеслав» осы төрт ұжымның арасынан жеңімпаз атанып, Еуропа лигасының соңғы жолдамасын қанжығаға байлады.

«Млада Болеслав» Еуропа лигасындағы жолын екінші кезеңнен бастайды. Екі апта бұрын Чехия чемпионаты басталды. Алғашқы турды жеңіспен(1:0) бастаған. Жалғыз голды ресейлік шабуылшы Николай Комличенко соқты. Үш күн бұрын «Богемианс 1905» клубына 0:3 есебімен тас-талған болып ұтылды.

«Хапоэль» Беэр-Шева

«Қайраттың» қарсыласы - Израильдегі көп «Хапоэльдердің» бірі. Әйткенмен, ең мықтысы. Себебі, даңқты тель-авивтік «Маккабидің» израиль футболындағы үстемдігін тоқтата алған ұжым. 2016, 2017, 2018 жылдары үш рет қатарынан өз елінің чемпионы атанған. Бірақ, өткен маусымда «Маккабиге» чемпиондықты беріп, үшінші орынды қанағат тұтты. Қанағат тұтпасқа амал жоқ, чемпионнан 34 ұпайға қалып қойды.

Негізі «Хапоэль» Беэр-Шева үшін өткен маусым сәтсіз болды. Ішкі біріншілікте басты қарсыласына қарсылық таныта алмады. Оған қоса, Еуропа лигасында үшінші кезеңнен әрі аса алмады. Қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс кипрлік АПОЭЛ-ге ұтылып қалды.

2014/2015 жылдан бері алып қарасақ, израилдік команданың еурокубоктағы жетістіктері біршама. Әйтеуір, «Хапоэль» алматылық «Қайрат» жете алмай жүрген шыңдарды бағындырып жүр. 2016/2017 маусымда Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнап қана қоймай, 1/16 финалға шықты. Бірақ, түркиялық «Бешикташқа» қос матч қорытындысы бойынша 2:5 есебімен есе жіберді. Екі маусым бұрын да, осы турнирдің топтық кезеңінде бақ сынады. Алайда, көктемдегі жарыс жолына шыға алмады.

Осы маусымдағы Еуропа лигасын «Хапоэль» бірінші кезеңнен бастады. Албаниялық «Лачи» бұл командаға айтарлықтай қарсылық танытты. Өз алаңында тең түсті. Тек, Израильдегі алаң иелерінің жалғыз голы «Хапоэльді» келесі кезеңге өткізді.

Израиль біріншілігі тек бір айдан кейін ғана басталады. «Хапоэльдің» бабында емес екенін албандықтарға қарсы нәтижеден де байқауға болатын шығар. Ал, «Қайраттың» ойыны жүріп тұр. Алайда, ерте қуанудың қажеті шамалы. «Тобыл» мен «Астана» футболда тосын сыйдың көп боларын тағы екі мәрте дәлелдеді.

Түпнұсқасы: prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер