ҚПЛ. Қостанайда триллер, Атырауда сенсация
Қазақстан Премьер-лигасында 19-шы тур матчтары аяқталды. Алматылық «Қайрат» бірінші айналымда «Тобылға» кеткен есені қайтарды. «Ордабасы» Атырауда жеңіліс құшты. Қостанайдағы 8 допты, қалған 8 команда жабылып жүріп соға алмады. Қалған төрт матчта бес гол ғана орын алды.
19-шы тур ойындары екі күнге бөлінді. Сенбі күні қарағандылық «Шахтер» өз алаңында «Оқжетпесті» жеңді. Ал минустан шыққан «Ақтөбе» Қызылордада жергілікті «Қайсарға» қарсы матчта үш ұпай алып кетті. «Астана» 19-шы турдың «Ертіске» қарсы матчын мамырдың ортасында өткізіп қойған болатын. Павлодардағы ойында елордалықтар қарсыласын 4:0 есебімен тас-талқан еткен еді.
ҚПЛ. 19-тур
«Тобыл» - «Қайрат» - 3:5 (2:1)
Голдар: Жулпа 14, Федин 31, Себаи 83 - Сейдахмет 45+1, Эппель 74, 79, Эсеола 82, Исламхан 87 (пенальти)
Қостанайдағы матч алдында ғана «Тобылдың» бас бапкері Владимир Газзаев өз қызметінен кеткені мәлім болды. «Қайратқа» қарсы кездесуді қостанайлық команда бас бапкерсіз бастады. Дәл ойын уақытында ауа-райы тентектік танытты. Қатты соққан жел, әсіресе, «Қайрат» футболшыларына кедергі болды. Қонақтардың комбинациялық ойыны жүрмеді. Есепті «Тобыл» ашты. Литвалық шабуылшы Артурас Жулпа 14-ші минутта Стас Покатиловтың қақпасына жойқын соққы бағыттап, командасын есепте алға шығарды. Араға 15 минуттай уақыт салып, Максим Федин алматылық команданың орталық қорғаушысы Раде Дугалич пен қақпашы Покатиловтың өрескел қателіктерін пайдалынып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осыдан кейін, қонақтар ауа-райының қырсықтығына қарамастан алға ұмтыла бастады. Үзліске санаулы секундтар қалған кезде Еркебұлан Сейдмахмет команда капитаны Бауыржан Исламханның пасынан кейін есепті қысқартты.

Люксембургтық «Женесске» қарсы көп күш жұмсаса керек, қостанайлықтар екінші таймда допты да, ойын басымдылығын да «Қайратқа» берді. 45-ші минут пен 60-шы минут арасында «Қайратта» 3-4 гол соғатын мүмкіндік болды. Осы маусымда сыннан көз ашпаған Алексей Шпилевскийдің көрегендігін айта кету керек. Ойынға тыңнан қосылған Адеринсола Эсеола венгриялық Мартон Эппельге нәтижелі пас берді. Араға бес минут салып Эппель дубль авторы атанды. Кейін бір минут ішінде командалар голдармен алмасып, есеп 3:4-ке жетті. Алайда, алаң иелерінде тіпті, бір ұпайға қол жеткізетін күш қалмаған еді. Матчтың нүктесін ойынның үздік футболшысы, осыған дейін екі нәтижелі пас берген Исламхан қойды. 11 метрлікті «Қайрат» капитаны сәтті орындады.
Айта кету керек, «Қайрат» осымен екінші матч қатарынан ойын барысында ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды. Еуропа лигасында «Широки Бриегтен» 90-шы минутта гол өткізіп алып, төреші қосқан бес минут ішінде екі доп соғып кеткен болатын. Ал қостанайлық ұжымға берік болуды тілейміз. Еуропа лигасында масқара болды, бас бапкермен қоштасты. «Тобыл» әлі де бірінші орында. Әйткенмен, «Астана» мен «Қайрат» өкше басып, бір ұпай ғана артта қалып тұр.
«Тараз» - «Жетісу» - 2:0(0:0)
Голдар: Эливелто 50 пенальтиден, Таубай 90+4
Таразда жергілікті команда «Жетісуды» қабылдады. Жамбылдықтар екі айдан астам уақыттан бері жеңістің не екенін ұмытты. Соңғы мәрте ҚПЛ-да Вахид Масудов шәкірттері мамырдың 11-інде «Астананы» өз алаңында жеңген болатын. Содан бері ішкі біріншілікте 8 ойын өткізіп, 3 ұпайды ғана қанжығаға байлаған. Дмитрий Огайдың «Жетісуы» болса өткен турда «Ертісті» тас-талқан етіп, турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып алған болатын.
Алаң иелері ойыннан басынан-ақ допты қонақтарға берді. Алайда, «Жетісу» позициялық шабуылда мықты емес. Матчтың бірінші бөлігі тең дәрежеде өтті. Қонақтар шабуылдай алмады, «Тараз» қарсылас қақпасының кілтін табуға тырысқан да жоқ. Екінші таймның басында әулиеаталықтардың бразилиялық шабуылшысы Рибейро Эливелто пенальтиден гол соқты. Кейін қонақтар тайлы-тұяғымен шабуылға аттанды. Үш мәрте Огай жігіттері допты қақпаның теміріне тигізді. Алайда, гол соға алмады. Ал матчтың соңында Абзал Таубай «Тараздың» екінші добын соғып кетті. Жамбылдықтар 16 ұпаймен 11-ші орында қалды. Ал еншісінде 26 ұпайы бар талдықорғандықтар болса, кестеде жетінші орынға жайғасқан.
«Атырау» – «Ордабасы» 1:0 (0:0)
Гол: Абдулавов 74
Бұл турда аутсайдерлер ояна бастады. «Тараздан» кейін «Атырау» да үш ұпайды еншіледі. Негізі, «мұнайшылар» шымкенттік ұжымға өте ыңғайсыз қарсылас. Бірінші айналымда Кахабер Цхададзе жігіттері бұл команданың сағын сындыра алмады. Кубокта «Ордабасыны» дәл осы «Атырау» финалға жібермеді. Бүгін, тіпті шымкенттіктер ұтылып қалды. Өткен турда да гол соқан ресейлік футболшы Исламнур Абдулавов, бүгін командасына үш ұпай сыйлады. Екінші матч қатарынан ұтқан «Атырау» кестеде 10-шы орында. «Ордабасы» үшінші сатыдағы «Қайраттан» төрт ұпай қалып, төртінші орынды иемденіп тұр.