Александр Меркель Голландия чемпионатынан кетеді
Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Александр Меркель алдағы маусымды өзге клуб сапында бастауы мүмкін, деп жазады Prosports.kz.
Дереккөздердің ақпаратына сенсек, Меркелдің қазіргі командасы голландиялық «Хераклес» футболшының өзге командаға ауысуына қатысты келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл клуб Голландия Чемпионатынан емес екендігі белгілі.
Демек, трансфер орын алса Меркель командасын ғана емес, өнер көрсететін чемпионатын да ауыстырғалы отыр.
Айта кетейік, өткен маусымда Меркель Голландия Чемпионатында 34 ойынға қатысып, екі голдық пас шығарған. Әрі маусым соңында командасымен 2020 жылдың маусым айына дейін келісімшарт мерзімін ұзартқан еді.
27 жастағы ойыншы биыл Қазақстан ұлттық құрамасы сапында екі ойынға қатысты. Еуро-2020 іріктеу турнирінде Шотландиямен (3:0) және Ресей (0:4) қарсы матчта өнер көрсетті. Ал Бельгиямен (0:3) және Сан-Марино (4:0) ойындарға жарақатына байланысты қатыса алмады.