Агент: Еуропадан біраз ұсыныстар түссе де, Петравичус «Оқжетпесті» таңдады
«Оқжетпес» футбол клубына ауысқан Дейментас Петравичустың агенті Сергей Цырин футболшыға Еуропа чемпионаттарынан біраз ұсыныс түскенін Prosports.kz сайтына айтып берді.
- Сергей, келісімшарт мерзімі неге жылдың аяғына дейін?
- Дейментас жастығына қарамастан қалыптасқан футболшы. Тек, Батыс Еуропада ғана доп тепті. Жас отбасысы бар, кішкентай сәбиі бар. Сондықтан, басында бес айға ғана келісімшартқа отыруды жөн көрдік. Осы уақыт ішінде клубпен, елмен, жергілікті футболмен танысып үлгереді деп ойлаймын. Келісімшартта оның мерзімін тағы бір жылға созуға болатыны көрсетілген.
- Қазақстаннан бөлек, футболшыға басқа клубтардан ұсыныстар болды ма?
- Венгрия және Румыния чемпионаттарының клубтары шақырды. Латвиядан бір белді клуб ұсыныс жасады. Сондай ақ, Грецияның бірінші лигасында үздік үштіктің қатарына кіретін команда да Дейментасты өз қатарында көргісі келетінін айтты. Дегенмен, біз «Оқжетпесті» таңдадық. Басты фактор, көкшелік команданың бас бапкері футболшыға қызығушылық танытқаны. ФК «Оқжетпестың» басшылығына алғыс білдіремін. Келіссөздер жылдам өтті - деді Цырин.