Қазақстан ФИФА мүшесі атанғанына 25 жыл өтті
Осыдан 25 жыл бұрын Чикаго қаласында өткен ФИФА-ның 49-шы конгресінде Қазақстан өзге елдермен бірге аталмыш ұйым қатарына қосылды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
1994 жылдың 15-16 маусымында Чикагода (АҚШ) өткен футболдан XV әлем чемпионатының ашылу салтанаты кезінде Қазақстан Республикасының футбол Ассоциациясы өзге елдермен қатар белді ұйым - Халықаралық футбол қауымдастықтары одағының (ФИФА) қатарына қосылды.
Ширек ғасырда Қазақстан құрамасы қатысқан көптеген турнирлер өтті. 1997-2017 жылдары аралығында еліміз әлем чемпионатының алты іріктеу кезеңіне қатысқан екен. Жастар құрамасы 1999 жылы Нигерияда өткен әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсетті.
1999 жылы Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасы Таиланд астанасы Бангкокте өткен Азия чемпионатына күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл жетістік арқылы Қазақстан құрамасы футзалдан IV Әлем Чемпионатына жолдама алды. Спорттың бұл түрінен Қазақстан тұңғыш рет финалдық кезеңге өтті. Екінші рет әлем чемпионатының финалына 2016 жылы жолдама алған футзалшыларымыз Колумбияда әлемнің 16 үздік команда қатарына енді.
ФИФА 1998 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанды өз футболының дамуында ілгері жылжыған әлемнің он үздік елінің қатарына енгізді.
Бүгінгі күні еліміз «Алға, Qazaqstan! Вперед, футбол!» стратегиялық бағдарламасымен алға жылжи отырып, болашаққа сенімді түрде қарайды. Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасы Еуропа-2020 чемпионатының іріктеу кезеңінде үшінші орында тұр. Ал жастарымыз Еуропада турнирді сәтті бастады.
ФИФА-ға мүше болған еліміз үш рет өз атауын өзгертті. Қазақстан Республикасының футбол Ассоциациясы атанған ұйым 2000 жылы Қазақстан Футбол одағына ауысты. 2017 жылы кезекті ребрендинг өтіп, ұйым Қазақстан футбол федерациясы атағына ие болды.