Боқтаған, ұрған, зорлаған... Осы жылы Неймарды не түлен түртті?
Бразилиялық жұлдызға Парижде «Ай!» дейтін ажа, «Қой!» дейтін қожа болмай тұр.
2019 жылдың басынан бері футбол жұлдызы Неймардың басынан қара бұлт арылмай қойды. Ақпан айының басында «Страсбурмен» болған ойынның 62-ші минутында «тақыр жерде тайып», аяқ асты жарақат алып қалды. Дәлірек айтсақ, ескі жарақаты сыр берді. Ойыннан кейін, ем-домға үш ай уақыт керек екені мәлім болды.
Париждің қақ ортасында дүркіретіп туған күнін жасап, сосын Бразилияға барып аунап-қунап келгеннен кейін, тағы бір бәлеге тап болды. Чемпиондар лигасының 1/8 финалында командасы жарыстан шығып қалды. Ашуға булыққан Неймар ойын аяқталысымен, боқтық сөздер айтып төрешілер бөлмесіне баса-көктеп кіруге талпынды. Сосын, әлеуметтік желіде бас қазыны ашық сынға алды. УЕФА футболшыны үш матчқа жазалады. Клуб басшылығы ақтап алуға тырысқанмен, ол әрекеттерінен түк шықпады.
Франция кубогының финалындағы жеңіліс те Неймарға ауыр тиген секілді. Матч соңындағы марапаттау кезінде трибунадағы жанкүйердің бірін ұрып жіберді. Нәтижесінде, Франция футбол федерациясы бразилиялық аяқдопшыны маусым аяғына дейін чемпионаттағы ойындардан шеттетті.
Араға үш күн салып Неймар киім ауыстыратын бөлмеде жанжал шығарды. «Монпельемен» болған ойыннан кейін (ол кезде Франция футбол федерациясы әлі шешім қабылдамаған еді) 28 жастағы футболшы Юлиан Дракслермен сөзге келіп қалған екен. Неміс футболшысы Неймарды алаңда барын салмады деп айыптаған. Кейін мәлім болғандай, екі футболшы арасындағы кикілжің төбелеске дейін бармаған екен.
Маусым аяқталып, Неймар ұлттық құрама қатарына қосылған кезде, оны бір тосын сый күтіп тұрған еді. Бразилия бас бапкерінің шешімімен Неймар капитан атағынан айырылады. Көп өтпей футболшыны тізесі мазалады. Алайда, медициналық тексеріс нәтижесі айтарлықтай ақау таба қойған жоқ.
Қуырдақтың көкесі 2 маусым күні болды. Бір бойжеткен қыз Неймардың үстінен полицияға арыз жазыпты. Оның айтуынша, 15 мамыр күні спортшы Париж қонақүйлерінің бірінде оны зорлаған. Неймардың өзі бұл жаңалыққа басында үнсіздік танытты. Бір күннен кейін футболшының өзі әлеуметтік желілердің бірінде байланысқа шықты. Ақталып бақты. Және өрескел заң бұзды. Қыз бен арадағы жазған хаттарымен қатар, оның жартылай жалаңаш денесінің суреттерін де бүкіл елге көрсетті. Жеке тұлғаның жеке ақпараттарын жария еткені үшін Неймар бір жылдан бес жылған дейін сотталуы мүмкін.