Ресми: Эдуард Глазунов- «Ертіс» клубының спорт директоры
Павлодарлық «Ертіс» Эдуард Глазуновпен ресми түрде еңбек келісімі жасасқандығы жайлы мәлімдейді. Белгілі қазақстандық маман клубтың спорт директоры қызметін атқарады. Бұл ақпаратпен клубтың баспасөз қызметі бөлісті.
Глазунов Эдуард Борисович футболшы бола тұра, ақтаулық «Мұнайшы», алматылық «Қайрат», екібастұздық «Батыр», «Астана», қостанайлық «Тобыл», көкшетаулық «Ақмола» сапында өнер көрсеткен. Бұдан бөлек, Эдуард Борисович біздің павлодарлық клубтың намысын қорғап, Нилтон Мендес, Виктор Зубарев сынды ойыншылармен командалас болған.
Жалпы Қазақстан чемпионаты мен Кубогы жарысында 300-ден аса ойын өткізіп, 80 голдың авторы атанған еді.
Жаттықтырушы ретінде «Жетісу», «Қазақмыс», «Оқжетпес», «Астана-1964» , «Қызылжар» және «ЦСКА» (Алматы) командаларында жұмыс істеген. Сонымен қатар алматылық «Қайрат» және қызылордалық «Қайсар» клубтарында әкімшілік қызмет атқарған.