ҚПЛ. «Астананы» бәрі басынды

ҚПЛ. «Астананы» бәрі басынды
news-banner7
mobile-news-top

Біріншіліктің XI турында ел чемпиондары маусымда үшінші мәрте ұтылды. «Астанадан» екі матч кем өткізген «Қайсар» мен «Тобыл» сол екі ойынында қоржынға толық ұпай салса, елордалықтарды үшінші орынға бір-ақ сырғытады.

«Оқжетпес» — «Қайсар» 1:2

Көкшеліктерді тоқтататын бір команда болса, ол «Қайсар» болуы тиіс еді. Стойчо Младенов командасының қонаққа тек жеңіс үшін келгенін алғашқы минуттардағы қарқыннан байқадық. Жылдам гол соғып алды. Алайда, алаң қожайындары үзіліске жақын таразы басын теңестіре алды. Үзілісте Младенов шәкірттерін әбден қайраған болуы тиіс, ойынның екінші бөлігінде жеңісті жұлып алды. «Қайсар» қонақтағы матчтардың бәрінде жеңіске жетіп келеді. Бұл команда мақсатының айқын екенін білдірсе керек. Таққа да таласы бар «Қайсардың». Ал «Оқжетпестің» жеңілісінен командаға айтарлықтай зиян келе қойған жоқ. Себебі, төмен орналасқан төрт команданың біреуі ғана бір ұпай еншіледі.

«Тобыл» — «Атырау» 3:0

«Тобыл» бір апта бұрын «Қайсардан» ірі есеппен ұтылғанда, команданың түпкілікті күшіне көбі күмәнмен қараған еді. Өз алаңында аутсайдерлердің бірін жеңіп қана қоймай, сенімді ойын өрнегін көрсетуі тиіс болатын. Жеңді, жауапсыз үш доп соқты. Алайда таблодағы есеп алаңдағы жағдайдың толық көрсеткіші емес. Максим Фединнің үзіліс алдындағы голы болмағанда, екінші таймның қалай өрбірін кім білсін. Әйткенмен жеңістің аты жеңіс. Қостанайлықтардың ұпайы «Қайсармен» бірдей. «Астанадан» бес ұпайға қалып келеді. Бірақ екі ойын кем өткізген. Ойша алты ұпайды қоссақ, кестенің басына екі ұжым бірден шығады. Бір қызығы, олар «Астана» да, «Қайрат» та емес.

«Астана» — «Шахтер» 1:2

«Астана» кестенің екінші жартысындағы командалардан жеңілумен келеді. «Ертіс» пен «Тараздан» ұтылып қалды. Бүгін «Шахтер» әдемі ойынымен чемпиондарды тізе бүктіре білді. Дегенмен «Астананың» ойынында айтарлықтай тоқырау байқалмайды. Жылда алтынға оңай қол жеткізіп жүрген футболшылар психологиясында болса керек бар мәселе. Қуғыншыларды дәмелендіріп жүр. Ал «Шахтер» соңғы төрт ойында 10 ұпай олжалады. «Кеншілер» үшін еурокубоктық орындар қол созым жерде тұр.

«Ордабасы» — «Тараз» 3:0

«Ордабасыға» өз алаңында «Тараздан» басым түсу қиындық туғыза қойған жоқ. Кахабер Цхададзе командасы чемпионат басында ғана екі рет қатарынан үш ұпай алып еді. Өткен турда «Ертісті», осы турда «Таразды» жеңіп, тағы сол статистикасын қайталады. «Тараз» болса кесте түбіндегі таластың қызу майданыңда.

«Қайрат» — «Ертіс» 2:1

Алматылық «Қайрат» әупірімдеп жүріп «Ертісті» жеңді әйтеуір. Павлодарлықтар Алматыдан ұпай алып кетуге жақын еді. Бірақ матчта екінші рет таразы басын теңестіре алмады. Шпилевский кемі тағы бір аптаға «Қайрат» тізгінінде қалады. Бірде көл, бірде шөл «Ертісті» жеңу ерлік емес.

«Жетісу» — «Ақтөбе» 1:1

Ел футболында көпті көрген Дмитрий Огай тәлім беретін «Жетісу» соңғы кездері жиі сүрініп жүр. Сырт көзге команда мен бапкер арасында бір кикілжің бар секілді көрінеді. Матч соңынан кейін шәкірттерін ашық сынға алуды бастады Огай. Ал бұның түбі жақсы алып бармайды-ау. Әрине «Жетісудың» қалыптасқан жүйелі ойыны бар. «Сәттілік жетіспей жүр» деп айта алатын екі команда болса, соның бірі - «Жетісу». Бірақ, көптің көзінше жиі сынға алу, біріншіден, команданың салын суға кетіреді, екіншіден, футболшылар өздері үшін кез келген жерде көкірегін тосатын бапкер үшін күреседі. «Ақтөбемен» болған ойында талдықорғандықтар қолда тұрған жеңісті жіберіп алды. «Ақтөбе» де жарады. Мінез көрсетіп, бір ұпайды алып кетті. Тағы да Абат Айымбетов мергендік танытты. Ақтөбе футболының түлегі осы маусымда чемпионат сұрмергендерінің үздік бестігінде. Шабуылшы тырысып-ақ жүр, бірақ қалған футболшылар жабылып жүріп сол бес допты соға алмай жүргенде, «Ақтөбе» болашағының тұманды екенін мойындайсың.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер