Фавориттер сүрінген тур

Фавориттер сүрінген тур

Ел чемпионы екі тур қатарынан тізе бүгіп отыр. Бір қызығы, кесте соңында «өмір» үшін арпалысып жатқан командалардан ұтылды. Ал «Қайратты» жеңу еріккеннің ермегіне айналды. Қызылордалық «Қайсар» болса жоғары өрлеп барады. Екінші орынға бір-ақ көтерілді Младенов мақтаулылары.  

«Астана» екі тур қатарынан кестенің екінші жартысындағы ұжымдардан ұтылып отыр. Өткен турда «Ертістен» жеңіліп еді, енді «Тараз» да бір шалып қалды. Кездесу тағдыры екінші таймда шешілді. «Тараздың» шабуылында еркін ойқастап жүрген грузин Элгуджа Лобжанидзе мен француз Серж Ньюадзи командасына үш ұпай сыйлады. Бұл жігіттер осы маусымда «Тараздың» он екі голының тоғызын тоғытты. «Астана» әрбір чемпионатта екі рет қатар жеңіліп, бәрін дүр сілкіндіріп тұрады. Кейін көш түзеп кететіні бәріне мәлім ғой. Алаңдауға негіз жоқ. Өкше басып, қуып келе жатқан команданың қарасы көрінбейді. 

Баяғы «Ертіс» сол «Ертіс». Өзгерген ештеме жоқ. Әнәугүні «Астананы» алқымнан алғанда Димитар Димитровтан «құтылғандар» төске ұрып еді. Қуаныш ұзаққа созылмады. Чемпионатта тура бір ай бойы үш ұпай олжалап көрмеген «Ордабасы» келді де, жауапсыз қос гол соғып кетті. Кахабер Цхададзе командасы кестеде «Жетісуды» қуып жетті. «Ертіс» болса, оныншы орында жайғасып тұр.

«Ордабасы» бір ай жеңбесе, «Жетісу» сол мерзімде өз қақпаларына гол өткізіп көрмеп еді. Бір ай гол кірмеген Андрей Шабанов қақпасынан екінші минутта 19 жастағы Жан Али Пайруз саңлау тапты. Екінші таймда Дмитрий Огай командасы ес жия бастағанда бір футболшыға кем қалды. Қалған уақытта ойын тағдырын өз пайдасына шешу «Шахтерге» қиындық туғыза қойған жоқ. Қарағандылықтар соңғы төрт ойында он ұпай еншілеп отыр. Ал «Жетісу» сәуірдің басынан бері қарсыласқа тізе бүкпеген болатын.

«Тобылда» тұрақтылық болмады. Бір аптада екі рет «Қайратты» жеңді де, Қызылордаға барып «Қайсардан» тас-талқан болып жеңілді. Әрине, «қасқырларды» қалай мақтасаң да жарасады. Негізі, бізде болгар бапкерлері жемісті жұмыс істейді. Аяғы ащы аяқталса да, Димитров «Ертіске» қола алып берді. Стойлов ерлігі ел есінде әлі. Қазіргі таңда Младеновтың дәуірі жүріп тұр. Екінші сатыға көтерілді «Қайсар». «Тобыл» чемпионатта екінші рет жеңілді. Бұл команданы бұрын «Астана» ғана «ренжіткен» еді.

«Ақтөбеге» өз стадионы құт болмай тұр. Қайта оралдық деп қуанғанда «Тараз» келіп жеңіп кетті. Апта бұрын «Қайсар» да үш ұпайды қанжығаға байлаған болатын. Енді «Оқжетпестің» ұрты майланды. Бұл ойында Жамбыл Көкеев гол соқты. Ақтөбеліктердің өкінішіне қарай, өз қақпасына. «Ақтөбеден» айырылу ҚПЛ үшін оңайға соқпас. Маусым басында негізгі аутсайдерлердің тізіміне қосылған көкшеліктер бас көтеріп келеді. «Атырау», «Ертіс», «Тараз», «Ақтөбе» сынды Премьер-лигада қалу үшін таласатын басты бәсекелестерін ұтып жүр. 

Әне-міне дегенше «Қайрат» екінші алтылыққа жақындап қалды. Кестенің түбі де алыс емес. Сәттілік пен тылсым күштерді кінәлайтын Шпилевскийге «Қайрат» басшылығының сенімі шексіз бе дерсің. Төртінші рет қатарынан жеңілгені үшін әдетте он бапкердің тоғызы орын босатушы еді. Сәттілікті командасынан алып, өзіне серік қылып алған-ау, шамасы, Алексей мырза. Жарайды, «Қайсар» мен «Тобылдың» жөні бір бөлек, соңғы орындардың бірінде тұрған «Атыраудан» жеңілгенін қайда қоярсың? «Мұнайшылар» жарады. Допты қарсыласқа беріп қойды. «Қайраттың» шабуылдарында креатив жоқ екені белгілі. Қиып тұрып пас беретін адам жоқ. «Атырау» өз мүмкіндіктерін тамаша пайдаланды. Бір апта бұрын Шымкенттен бір ұпаймен қайтқан батыстықтар бүгін «Қайратты» жеңіп отыр. Айқын аутсайдерлердің аз болғаны чемпионат үшін де жақсы. 

        

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или