Қайран, «Қайрат»...
Бүгін Қазақстан кубогының ширек финал ойындары болып өтті. Алматыда «Қайратты» <span>«Тобыл» таптап өтті.</span> Шыңнан шыңырауға құлдилап барады деген осы шығар. Әрине, шыңда жүргені шамалы еді «Қайраттың». Бірақ, Алматыда бес доп өткізу... Миға сыймайды. Ал, ҚПЛ кестесінің соңғы қатарында жүрсе де, кубоктың жартылай финалына өткен «Атырауды» да атай кеткен жөн.
«Астананы» артқа тастаған «Алтайды» тоқтатты «мұнайшылар». Ойын басында қарымта шабуылдан гол соғып алды. Бірақ, екінші таймның басында семейліктер таразы басын теңестіріп кетті. Тартысты ойын өтсе де, ойын аяғына дейін есеп өзгере қойған жоқ. Экстра-таймда «Алтай» он футболшымен қалды. Алайда, пенальти сериясына дейін шыдап бақты. Шыдап бақты деген артық болар, себебі, «Атырау» жеңісті жұлып алуға айтарлықтай күш салмады. Қақпашыға сенген болса керек. Бекер болмапты. Владимир Логиновский екі пенальти қайтарып, командасын үздік төрттіктің қатарына сүйреп шығарды. «Атыраудың» ішкі біріншілікте жолы болмай жүрсе де, кубокте нәтиже көрсетіп жүр. Кім біледі, осы турнир арқылы еурокубокке жолдама алып жүре ме.
Тараздағы жергілікті команда мен «Ордабасы» жанкүйерлерге көрікті матч сыйлай қойған жоқ. Кубокқа <span>«Тараздың» аса қатты үміт артпайтынын негізгі құрамның тізіміне қарап-ақ аңғаруға болатын еді. Ал, шымкенттіктер бар мықтысын шығарды. Әупірімдеп жүріп Кахабер Цхададзе командасы жеңіске жетті. «Ордабасының» чемпионатта алғашқы төртікке енуі әлі «шешіле қойған» шаруа емес. Сондықтан, кубок маусым аяғында керек болып қалар. Оның үстіне сескенетін «Қайрат» пен «Астана» жоқ. </span>
<span>Сол «Астана» мен «Қайраттың» аяғынан шалған «Қайсар» кубоктегі жолын жалғастырады. Ұтылып жатып, жеңіп кету үйреншікті ісіне айналған секілді бұл команданың. Бүгін де «Ертіске» қарсы матчта алғаш болып гол өткізіп алды. Бірақ, екінші таймда ойын тағдырын өз пайдасына шешіп кетті. Әнәугүні «Қайрат» қақпасына жеңісті допты тоғытқан Асхат Тағыберген, бүгін тағы «Қайсарға» ойын аяғында жеңіс сыйлады. Ал, ішкі біріншілікте «Астананың» қалпағын қайырған «Ертіс» жеңісті жолын жалғай алмады. </span>
<span>«Тобылға» Алматыда доп тебу ұнап қалған болуы керек. Орталық стадионды өздерінің жаттығатын алаңына айналдырып алды. Шығады. Қарсы тарапта «Қайратты» көреді. Ұтады. Бүгін бес доп соқты. Өткен жексенбіде гол соғып, «Тобылға» үш ұпайды алып берген Тұрысбек бүгін есеп ашып, бәрін бастап берді. Федин қостап кетті. Арасында Қуат та өз қақпасына доп тоғытып алды. Орталық алаңда еркін ойқастап жүрген Нұрғалиев те мергендік танытты. Алаң қожайындары бір голмен ғана жауап қатты. Қызық, Боранбаев мырза Алексей Шпилевскийге әлі де сенім арта ма екен? Қайран, Вайсстың заманы-ай дейсің, еріксіз. </span>