Роман Григорчук: Қателіктерімізді талдап, ілгері жылжуымыз қажет
«Астана» Премьер-Лиганың 9-шы туры аясында павлодарлық «Ертіс» командасын қабылдап, 0:1 есебімен жол берді.
Ойын соңында елорда командасының бас бапкері Роман Григорчук журналистердің сұрақтарына жауап берді:
- Біз бүгінгі кездесуде көп қателікке бой алдырдық. Жалпы алғанда жақсы ойын көрсеткен жоқпыз. Сондықтан да жеңіліп қалдық. Бұл жеңіліс ерте ме, кеш пе орын алуы қажет еді. Бізге қатты көңіл түсіруге де болмайды. Дәл қазір біз өз қателіктерімізден лайықты сабақ шығарып, ілгері жылжуға тиіспіз.
- «Астананың» маусымды жеңіліссіз өткізуі қанашлықты мүмкін еді?
- Кейбір жағдайларға тура қараған жөн. Ойын барысын толықтай талдап шығуға тиіспіз. Дәл қазіргі «Астана» толықтай құрамын жасақтамаған команда. Ол қазір анық сезіліп жатыр. Команда құрамындағы ойыншылардың шеберлігіне, әрі санына қарай толық жасақталуы қажет деп ойлаймын.
- Жазда команда сапынан Дмитрий Шомко кетуі мүмкін деген сыбыс бар. Бұл қаншалықты рас?
- Шомко біз үшін ең маңызды ойыншылардың бірі. Ол алдағы уақытта «Астана» сапында барынша көп ойын өткізіп, бізге көмектесетініне сенімдімін.
- Неліктен бүгін оның позициясында оң жақ қапталда ойнайтын Абзал Бейсебеков алаңға шықты?
- Кез келген шешім қабылдамас бұрын, ойын алдында бапкерлер құрамы үлкен талдау жасайды. Біз бүгінгі ойында сондай қадамға бардық. Өкінудің реті де жоқ. Мен Димаға үлкен құрметпен қараймын және оған сенім артамын.
- Трансферлік кезеңде команда құрамын күшейте алатын ойыншылар тізімі бар ма?
- Бұл жұмыс жалғасуда. Бірақ, нақты үстел басына отырып, келісімшарт жасайтын үміткерлер жоқ.
- Евгений Ловчевтың командаға басшылық етуі мүмкін деген ақпарат бар. Бұл қаншалықты рас?
- Менің білетін ақпаратым сіздердікімен бірдей. Сондықтан да мен дәл қазір нақты ештеңе айта алмаймын.
- Дмитар Димитровтың кетуі «Ертіс» командасының ойынына әсер етті деп ойлайсыз ба?
- Мен бұл туралы ештеңе айтқым келмейді. Бізге қарсы барлық командалар ерекше дайындықпен, құлшыныспен алаңға шығады. Солардың қатарында «Ертіс» командасы да бар.
- Бүгін «Ертіс» жеңіске лайық ойын көрсетті ме?
- Егер ойынды талдаған болсақ, онда бұл туралы нақты айтуға болар еді. Сондықтан, ойын соңындағы нәтижеге қараймыз. Біз бұл кездесуде жеңілгенден, ойын нәтижесіне көңіліміз толмайды.