Қайрат Боранбаев: Ел футболында мен түсінбейтін дүние көп
«Қайрат» футбол клубының басшысы Қайрат Боранбаев Sports true YouTube арнасына берген сұқбатында отандық футболдың көңіліне күдік ұялатар тұстарын айтып берді.
- Футболдағы төрешілік мәселесі айта-айта әбден жауыр болған тақырып. Маусым басында біз былтыр біраз қателік жіберген төрешілер тізімін жасадық. Оларды «Қайрат» ойнайтын матчтарға қатыстырмауды өтіндік. Бірақ, құлақ асқан ешкім жоқ. Қызық, футболшымыз қызыл қағаз алады, ал, ертеңгі күні таңертең оны бес ойыннан шеттету жайлы шешім шығады. Біз, тіпті, эпизодты қайта қарауға өтініш білдіріп үлгере де алмай қаламыз. Сонда, Тәртіпті бақылау комитеті таңғы тоғызда жиналып, бірден шешім шығара ма?
ҚФФ-ның өкілдерін жинап, проблемалық мәселелерді ашық айтып, бір шешімге келу керек. Бұл тек, төрешілік мәселеге ғана қатысты емес. Комитет басшыларын сайлағаннан кейін, бір жиналған емеспіз. Маусым алдында жиналып, пікірталас өткізу, құжаттарды талқылау деген де атымен жоқ.
Аршавиннің қоштасу матчы болған кезде, біз VAR жүйесінің өкілдерімен кездестік. Бізге келіп, ол жүйені тексеріп көретіндері жайлы қол алысып келістік. Ал, Федерация үзілді-кесілді қарсы болды. Екінші рет, суперкубок ойынында қолданып көруді ұсындық. Тағы да сол қарсылық.
Футболшыларға дауыс көтеріп, айғайлаған емеспін. Төрт жыл бұрын, «Астанаға» жеңілгеннен кейін киім ауыстыратын бөлмеде ызаға булығып үстелді тепкенім бар. Бірақ, біздің проблемамыздың тамыры тереңде екенін уақыт өте келе түсіндім. Футболдың бізде дамып жатқан түрі жоқ. Қағаз жүзінде ғана бәрінде балалар футболы дамыған, академиялар бар. Алайда, оның бірде-бірі жоқ. Бұл проблема біздің клубқа да керіс әсерін тигізіп жатыр.