«Астана» алыстап барады. Қарсыласар кім бар
ҚПЛ қызып тұр десек өтірік айтқан боламыз. «Астана» көш басында нық тұр. Қуғыншылардың қарасы алыста. Кезекті турда кестеден қандай өзгерістер күтуге болады?
«Шахтер» - «Ақтөбе»
Жанкүйер көп жинаймыз деп төске ұрып мақтанатын ақтөбеліктер, алаңдағы нәтиже үшін ұялатыны жасырын емес. Екі ойын қатарынан жеңіп, жағдай түзеліп келе жатыр еді. Сенбі күні «Таразға» жеңіліп қалды. Әйткенмен, команда ойынында оң өзгеріс бары байқалады. Премьер-Лигада орнын сақтап қалуға команданың елге белгілі қайсар мінезі көмек болуы тиіс. Ал, дәл қазір кестесінің түбіне «мықтап» жайғасып тұр. «Шахтердың» маусымдағы тағдыры батыстықтарға ұқсас. «Кеншілер» алғашқы үш ойынды өте сәтсіз болды. Бүгінгі таңда 2-4 орындарда тұрған командаларға үш ұпайдан таратып берді. Дегенмен, сәуір айында көш түзеп, 7 ұпай алды. 6 гол соқты. Өз жеріңде ғана арыстандай арпалысатын «Ақтөбеге» қарсы матч «Шахтер» үшін кестеде жоғары көтерілуге жақсы мүмкіндік.
«Тобыл» - «Ордабасы»
8-турдың орталық кездесуіне балауға әбден болады. Кестеде қос команда көрші тұр десек те болады. Екі ұжым да чемпионға қарсы ойында ұпай еншілей алмады. Шымкенттіктер тіпті, «Астанадан» ғана гол өткізді. Цхададзе дәріс беретін команданың қорғанысы осы маусымда тас-қамал болып тұр. Керісінше, шабуыл сын көтермейді. 7 ойында 6 доп қана соғу төртінші орындағы командаға ұят нәтиже. Ал, қостанайлықтар ашық команда. Өздері де көрікті ойын өрнегін көрсетеді, қарсыластың еркін көсілуіне кедергі жасай қоймайды. Қостанайдағы текетірестен бәрін күтуге болады. Қонақтар сақ ойнап, тең нәтижені қанағат тұтуы мүмкін. «Тобылдың» бірінші орыннан аз да болса үміті болса, ұпай жоғалтуға болмайды. Алаң иелерінің сүрінісі «Астананың» оң жамбасына келетінін айта кеткен жөн.
«Тараз» - «Оқжетпес»
Жамбыл жерінің футболшылары батыстықтарға ғана сес көрсетіп жүр. «Атырауды» Таразда жеңді. Өткен турда Ақтөбеге барып үш ұпай олжалап қайтты. Соңғы ойындарда француз шабуылшысы Серж Ньюадзи көзге түсіп жүр. Тіпті, Ротариу және Нұрғалиепен бірге мергендер тізімін бастап тұр. «Оқжетпестің» де бабы келісіп тұрған шағы. «Көкшеліктер» екі матч қатарынан жеңді. Тартысты ойын болуға тиіс. Командалар қорғанысқа бекініп алатындар қатарынан емес.
«Қайсар» - «Қайрат»
Қорғанысқа нағыз берік бекінетін команда - «Қайсар». Сыр елінің командасы қатысуқан ойындардың біреуінде ғана бір доптан артық соғылыпты. Британдық стильді бетке ұстап, алаңда футбол ойнағаннан гөрі, қарсыласпен шайқасқанды жаны сүйеді «Қайсардың». Қонақта ғана жеңіске жетіп жүр. Бірақ, өз алаңында фавориттердің аяғынан шалғанды құп көреді. «Астана» бір рет сүрінсе, дәл осы Қызылордада. «Ордабасы» да қақпа кілтін таба алмай кетті. Алматылықтарға оңай болмайды ау. Оның үстіне вице-чемпиондардың оңтүстіктік ұжымдарына қарсы қонақта жеңуі мұң. «Жетісуға» тас-талқан болды. «Ордабасымен» 0:0 ойнап қайтты. Сондықтан, «Қайрат» тағы ұпай жоғалтса таңғалмаңыз. Бұл да «Астананың» оң жамбасына келеді.
«Атырау» - «Астана»
«Астанаға» да келіп жеттік. Еурокубок басталмас бұрын, қарсыластардан біраз ұзап кету чемпиондардың жылдағы әдеті. Осы маусымдағы мақсат та сол. Басты қарсыластарын жеңіп тастады. Оның үстіне олардың өздері де жиі сүрінеді. «Астана» көш бастамағанда енді кім бастайды? Кезекті турда батысқа қонаққа барады. Кумыков командасы қарсылық көрсетеді деуге сену қиын. Соңғы екі ойында бірде-бір гол соға алмады. Жарытып гол соғатын шабуылшы жоқ. Қорғаныс шұрық тесік. Екі ойында ғана әупірімдеп жүріп қақпаны құрғақ сақтап қалды. Григорчук командасының кезекті үш ұпайды қанжығаға байлауы бек мүмкін.
«Ертіс» - «Жетісу»
Огай баптайтын «Жетісу» голдың бәрін «Қайратқа» соғып тастаған секілді. Алматылықтарға үш доп тоғытқан шабуыл, екі матч үнсіз. Қонақта өте сүрсеңсіз ойнайды команда. Дегенмен, 8-турдағы қарсыласы «Ертіс». Павлодарлықтардың жағдайы тіпті нашар. Гол соқпағандарына бір айға жуық уақыт өтті. Бағы мен бабы келіспей жүр Димитар Димитров командасының. Екінші маусым болды, «Ертіс» кестенің төменгі жағынан шықпай қойды. Алайда, клуб басшылығы болгар маманына толық сенетіндерін мәлімдеді. Ұпай жинап бастамаса сенімнің де ұзаққа созылмасы белгілі.