Абай Төлеш: Мақсатым - әлем чемпионы болу

Абай Төлеш: Мақсатым - әлем чемпионы болу

Кәсіпқой боксқа ауысып жатқан былғары қолғап шеберлеріміз көбейіп келеді. Соның бірі - Абай Төлеш. 2017 жылы Қазақстан чемпионатында топ жарған. Бірнеше халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған 24 жастағы боксшы мансабын кәсіпқойда жалғастырмақ. Жас боксшы не себепті мұндай шешімге келгенін, алдағы жоспарларымен Prosports.kz сайтына берген сұқбатында бөлісті.

- Шымкент қаласында 1995 жылы өмірге келдім. Боксқа алғашқы қадамды 14 жасымда бастым. Бұл спорт түріне қызығушылығым оянып, әкемнің рұқсатымен қолғаппен достастым. Содан бері Жақсыбай және Бақтыбай Утембаевтардың қол астында жаттығып жүрмін.

Бастапқы кезде жергілікті, артынша республикалық деңгейдегі жарыстар жүлде алып жүрдім. 2017 жылы 75 келіде ел чемпионы атандым. 2016 жылы ҚР Универсиадасында алтын алып, Жарылғапов және Нұрмағамбетов атындағы турнирлерде жүлдегерлер қатарынан көріндім.

- Кәсіпқой боксқа ауыстың. Не үшін осындай шешімге келдің?

- Қызығушылықпен келдім. Алдымыздағы ағаларымыз кәсіпқойда біраз жетістіктерге жетіп жүр. Құдай қаласа, біз де осы жолды жалғап, үлкен белестерді бағындыруға тырысамыз. Бірнеше промоутерлік компаниялармен келіссөз жүргізіп, соңында MTK Global ұйымына тоқтадық. Кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегімді 24 сәуір күні Таиланд елінде өткіземін. Орта салмақта (72,5 келі) қолғап түйістіргелі жатырмын.

- Бапкерің кім?

- Николай есімді жаттықтырушымен дайындалып жатырмын. Негізі ол кісі кәсіпқой боксшыларды жаттықтырмайды. MTK Global Қазақстанға енді ғана келген себепті бапкерлерді жаңадан жинап жатыр.

- Генерал болуды армандамайтын солдат болмайды деген сөз бар. Әуесқойлар арасында әлем біріншілігі, олимпиада ойындарына қатысу жоспарда болмады ма?

- Дұрыс айтасыз. Кез келген спортшы әлем чемпионаты, олимпиада шыңың бағындыруды армандайды. Олимпиада ойындарына қатыссам деген мақсат болды. Бірақ, құдайдың бұйыртуымен, кәсіпқой боксқа ауыстық. Ендігі мақсатымыз - әлем чемпионы болу.

- Кәсіпқойға бет бұрған боксшыларымыз мұxит асып Америка, Канадада жаттығады. Сол жаққа көшу жоспарда бар ма?

- Әрине. Кәсіпқой бокстың отаны - АҚШ қой. Сол жаққа барып жаттығу жасап, тәжірибе алмассам деген ой бар. Дегенмен келісімшартқа отырған MTK Global Қазақстан ұйымы Алматыда орналасқан. Сол себепті уақытымыздың басым бөлігімізде елімізде өткіземіз. Шетелге оқу-жаттығу жиынына, тәжірибе алмасуға барып тұрамыз.

- Кәсіпқойға ерте келген боксшылар жетерлік. Дәл қазіргі сәтте жасындай жарқылдап жүрген Хайме Мунгуйяны айтуға болады. Өзімізден Садриддин Аxмедовті атап өтуге болады. Жалпы, кәсіпқой боксқа ерте келген дұрыс па әлде әуесқойда біраз тәжірибе жинап ауысқан дұрыс па? Қалай ойлайсың?

- Екеуінің де өз жақсы тұстары бар. Ерте ауысып, чемпиондыққа ерте қол жеткізуге мүмкіндік бар. Әуесқой бокста тәжірибе жинап, жетістікке жетіп де ауысқанның әбестігі жоқ.

- Осы боксшыдай болсам ғой деп, үлгі тұтатын спортшыларың бар ма?

- Шыны керек, міне осы боксшыны үлгі тұтамын деп айта алмаймын. Ұлы боксшылардың жекпе-жектерін, жаттығуларынан видеолар қарап, олардың қалай жұдырықтасқанын бақылаймын. Сол боксшылардың жақсы жақтарын үйреніп, қателіктерін қайталамауға тырысамын.

- Головкин - Ролсс жекпе-жегіне болжамың қандай? Отандасымыз рингке жеңіспен орала ма?

- Отандасымыз жеңіске жетеді деп ойлаймын. Нокаутпен не төрешілердің шешімімен ұтады деп айтпай-ақ қояын. Оны ринг шешеді.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или