Бір матчта 30 пенальти. Ширек финалистер анықталды
Футболдан Қазақстан кубогының ширек финалына шыққан командалар анықталды.
1/8 финалды Қостанайдағы «Ақтөбе» мен «Ертіс» матчы ашты. Екі команда да жанкүйерлерге қызықты матч ұсына алды.
Командалар әр таймда бір-бір голдан соғып, 90 минутты 2:2 есебімен аяқтады. Ал овертайда да голдан алмасып, 120 минутты 3:3 есебімен бітірді.
Сөйтіп кездесу пенальти сериясына ұласқан. Ойын барысында үш рет жеңіліп жатып есепті теңестірген ақтөбелік команданың 11 метрлікте жолы болмады. Матч қаһармандарының бірі Абат Айымбетов пен команда капитаны Виталий Волков мүлт кетті.
«Ақтөбе» - «Ертіс» - 3:3, пенальти (1:3)
Голдар: Айымбетов 27, 64, Миличевич 111 - Каньяс 17, Лунин 51, Дубра 105
Ал Көкшетауда өткен «Оқжетпес» пен «Ордабасы» матчының тағдырын бір ғана гол шешті. Бірінші таймда командалар гол көре алмады. Ал үзілістен кейін Темірлан Ерланов қанжығасын майлап, «Ордабасыға» жеңіс сыйлады.
«Оқжетпес» – «Ордабасы» 0:1 (0:0)
Гол: Ерланов 75
1/8 финалдың басты сенсациясы еліміздің шығысында тіркелді. Бірінші лигада ойнайтын «Алтай» ел чемпионы «Астананы» қабылдаған. Матч 1:1 есебімен аяқталды. Алаң иелерінен Әнуар Омашев гол соқса, «Астанадан» Серікжан Мужиков көзге түсті.
Осылайша, матч пенальти сериясына ауысқан. Футбол лотереясында командалар 30 соққы жасады. Нәтижесінде «Алтай» қонақтарды 15:14 есебімен жеңді.
«Алтай» – «Астана» 1:1 (0:1), пенальти (15:14)
Голдар: Омашев 64 – Мужиков 25
Ал «Қайсар» «Астанаға» қарағанда Бірінші лигадағы қарсыласын жеңе алады. «Оңтүстік Академиясы» мен «Қайсар» арасындағы матчта да негізгі уақыт 1:1 есебімен аяқталған. Бірінші таймда Қанат Кәрімолла есеп ашқан. Бес минуттан соң Иван Садовочний есепті теңестіріп тастады. Бұл есеп 106-минутқа дейін сақталды: Братислав Пуношевац қызылордалық клубқа жеңіс сыйлады. Есеп – 1:2.
«Оңтүстік Академиясы» – «Қайсар» 1:2 (1:1)
Голдар: Кәрімолла 26 – Садовничий 31, Пуношевац 106
Алаңнан қуылды: Чернов 112 – Таварес 45
Бірінші лиганың тағы бір өкілі «Каспий» ҚПЛ фавориттерінің бірі «Қайратқа» күш көрсете алды. Бір қызығы, мұнда да негізгі уақытта 1:1 есебі тіркелді. Ақтаудағы матчта Ринат Хайруллин мен Сұлтанбек Астанов көзге түсті. Бірінші таймда «Қайрат» сапынан Нұралы Әліп пен Елдос Ахметов алаңнан қуылған.
Пенальти сериясында Қазақстан кубогының қазіргі иегері 6:5 есебімен жеңіске жетті.
«Каспий» – «Қайрат» 1:1 (0:1) пенальти (5:6)
Гол: Р. Хайруллин 58 – Астанов 18
Алаңнан қуылды: Әліп 11, Ахметов 28
Екінші лигада өнер көрсететін «Ақсу» Павлодарда «Тобылмен» кездескен. Бұл матчта жеңімпазды анықтау қиындық тудырмады. Қонақтар «Ақсу» қақпасына жауапсыз үш гол тоғытты. Бауыржан Тұрысбек дубль жасаса, Азат Нұрғалиев бір гол соқты. Қорытынды есеп – 3:0.
«Ақсу» – «Тобыл» 0:3 (0:0)
Голдар: Тұрысбек 47, 66, Нұрғалиев 68
Таразда жергілікті команда мен «Шахтер» кездесті. «Тараз» ойыншылары матчтың басында және соңында бір голдан соғып, жеңіске жетті. 8-минутта Гаврил Кан қанжығасын майласа, қосымша уақытта Серж Ньюадзи ойын нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 2:0.
«Тараз» – «Шахтер» 2:0 (1:0)
Голдар: Кан 8, Ньюадзи 90+1
1/8 финалдың соңғы матчы «Астана Аренада» өтті. Мұнда өз стадионы әлі дайын болмаған «Атырау» «Жетісуды» қабылдады. Матчтың тағдырын бір ғана гол шешті. Ойынның 78-минутында Алексей Родионов гол соғып, «мұнайшыларға» жеңіс сыйлады. Матчтың 40-минутында «Жетісудың» ойыншысы Давид Мавутор алаңнан қуылған болатын.
«Атырау» - «Жетісу» 1:0
Гол: Родионов 78
Алаңнан қуылды: Мавутор 40