«Қайсар» маусымды жаңарған стадионда өткізеді
<span>Қызылорданың «Қайсары» алдағы футбол маусымын жаңарған стадионда өткізетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.</span>
<span>Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадион алғаш рет 1968 жылы пайдалануға берілген. Жергілікті жанкүйерлерге жарты ғасырдан астам уақыт бойы қызмет көрсетіп келе жатқан стадион одан бері бірнеше мәрте күрделі жөндеу мен қайта жаңғыртудан өткізілді. Былтыр аталмыш спорттық нысанды қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Ендігі кезекте стадион барлық халықаралық талаптарға сай ел игілігіне берілетін болады. «Бүгінде Қызылорданың орталық стадионын қайта жаңғырту жүргізілуде. Қазіргі уақытта ондағы жұмыстың 60 пайызға жуығы бітіп қалды. Сондай-ақ, жүгіру жолы мен алаң толығымен ауыстырылмақ. Жоспар бойынша, жөндеу толығымен сәуір айының соңында немесе мамырдың басында аяқталады деп күтілуде. Стадион пайдалануға берілген соң, ол жерде «Қайсар» футбол командасы ойнайтын болады», - деді Қызылорда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимов. Орталық стадион 6800 адамға лайықтылған. Бұдан бұрын 2001 және 2010 жылдары жөндеуден өткізілген. Естеріңізге сала кетелік, «Қайсар» қаңтардың алғашқы күндерінен Түркияда бірінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтты. Қызылорданың «Қайсар» командасы 2019 жылы жүлделі орынның біріне ілігу мақсатын көздеп отыр.</span>