Роман Григорчук: Осы ойыннан кейін әрі қарай жасайтын жұмысымызға қажетті ақпарат жинақтай алдық
«Астана» БАӘ-дегі оқу-жаттығу жиыны аясындағы алғашқы жолдастық кездесуін жергілікті «Аль-Васл» командасына қарсы өткізді.
Елорда ойыншылары кездесу барысында екі мәрте есепте жеңіліп жатқанымен, Роман Муртазаев пен Марин Томасовтың (екі рет) соққан голдарының арқасында 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Матч соңында «Астана» футбол клубының бас бапкері Роман Григорчук ойын туралы өз пікірімен бөлісті:
- Жалпы алғанда жоғары деңгейдегі ойын өткіздік. Біз өте жақсы стадионда, мықты қарсыласқа қарсы ойнадық. Алдын ала келісім бойынша қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған ойыншыны алмастыра алмағандықтан, ойынның басым бөлігінде бір ойыншыға кем ойнауға тура келді. Дегенмен, жігіттер дер кезінде жинақылық танытып, жеңіске жеттік. Ал ең бастысы осы ойыннан кейін әрі қарай жасайтын жұмысымызға қажетті ақпарат жинақтай алдық.
- БАӘ-дегі оқу-жаттығу жиынына көптеген жас ойыншылар шақырту алды. Олар өздерін қалай көрсетіп жатыр? Алдағы ойындарда алаңға шығарып сынап көру жоспарыңызда бар ма?
- Міндетті түрде. Біз оларды оқу-жаттығу жиынына олардың мүмкіндіктерін көру үшін шақырдық. Дегенмен, жас ойыншыларды алаңға шығармас бұрын, оларды лайықты деңгейде дайындау қажет. Оған қоса қарсыластың деңгейі өте жоғары. Әрине, алдағы уақытта оларды іс жүзінде сынап көретін боламыз. Негізінен, жас ойыншылар Түркиядағы оқу-жаттығу жиынында алаңға шығуға мүмкіндік алады. Себебі, ол жақта бізде көптеген жолдастық кездесулер жоспарланған. Ал жаттығу жұмыстарына келетін болсақ, жас ойыншылар өздерін өте жақсы қырынан көрсетіп келе жатыр.
- Жалпы алғанда оқу-жаттығу жиыны қалай өтіп жатыр?
- Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынын өткізудің бір артықшылығы, ауа райының тұрақтылығы жоспар бойынша жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Ал бұл өте маңызды. Сондықтан да, жаттығу жиындарын өткізуге қолайлы жағдай жасаған клуб басшылығына ерекше алғыс айтамын.