Даниал Ахметов: Балалардың ғана емес, жаттықтырушылардың да көзқарасын өзгертуіміз керек

Даниал Ахметов: Балалардың ғана емес, жаттықтырушылардың да көзқарасын өзгертуіміз керек

Семей қаласына кезекті жұмыс сапарымен келген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Семей спорт академиясына аялдады. Академия директоры Мерейғазы Көшкінов облыс әкіміне атқарылып жатқан жұмыстар жайында, оқушылардың жетістіктері жөнінде жан–жақты айтып берді.

Спорт академиясы жанынан Даниал Ахметовтің бастамасымен екі жыл бұрын спортқа бейімі мен бейілі бар балаларға арналып  200 орынға шақталған жатақхана ашылған болатын. Қазір мұнда күрестің бірнеше түрімен шұғылданатын, волейболмен айналысатын жасөспірім ұл-қыздар тұрып жатыр. Жалпы, Шығыс Қазақстанда қазір волейболдың дамуы өзге өңірлерге қарағанда көш ілгері. Облыстың «Алтай» қыздар құрама командасы халықаралық дәрежеде жақсы ойын өрнегімен ерекшеленіп жүр.  «Алтайдың» кәсіби деңгейін арттырып, қарқынын жоғалтпау мақсатында бірнеше қосалқы командалар да құрылған. Оларды қосалқы деп қомсынуға болмайды. Өйткені ел ішілік жарыстарда нәтижелер көрсетіп жұр аталмыш командалар. Семей спорт академиясындағы «Алтай–4» командасындағы  14 пен 17 жас аралығындағы тәлім алып жатқан 30 жасөспірім қыздар да ертең команданың негізгі ойыншысына айналуына мүмкіндік бар. Даниал Ахметов алдымен волейболшы қыздардың жаттығуын ден қоя тамашалады. Жапонядан келген Саэ Ишида есімді жаттықтырушы қазір академияда тәлім алып жатқан волейболшы қыздарға білгенін үйретіп жүргенін айта кету керек. Қимылдары ширақ, қозғалыстары шапшаң, өзара әрекеттесе қызу жаттығудағы қыздарға облыс әкімі «дайын команда» деп бағасын берді, Жапон қызына алғысын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі. 

- Келесі жылы сіздер «Алтай-3» кәсіби командасының ойыншысына айналасыздар. Ол үшін тынбай жаттығу жасауларыңыз қажет. Сіздердің білікті жаттықтырушыларыңыз бар. 2020 жылы өтетін Токиодағы Олимпиада ойындарында «Алтай» командасы ұлттық құраманың негізі болатынына сенімдімін, - деген Даниал Ахметов жас волейболшы қыздарға спортта жетістікке жетуде мықты жаттықтырушы мен спортшының еңбекқорлығы аса маңызды екенін атап өтті.

- Біз Жапония, Сербия елдерінен мықты жаттықтырушыларды шақырдық. Шетелден шақыртқан бапкердің айырмашылығы неде деген сұрақ туындауы мүмкін. Олар жаттығуды күніне үш сағаттан екі уақыт өткізеді. Мұндай жаттығу жасау жүйесі облыс, тіпті, елімізде жоқ. Міне, жетістікке жету жолының басы осында жатыр. Биікті бағындырғымыз келеді екен, онда спортқа балардың емес, жаттықтырушылардың көзқарасын өзгертуіміз керек, - деп атап өтті облыс әкімі Семей спорт академиясындағы кездесуде.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или