Легионерсіз жеңіс. «Қайрат» ел кубогын иеленді
Футболдан Қазақстан кубогының биылғы иегері тағы да алматылық «Қайрат» атанды.
«Атырау» мен «Қайрат» қатарынан екі жыл бойы ел кубогының финалында кездесті. Былтыр алматылық команда Ақтөбеде өткен финалда 1:0 есебімен жеңген болатын.
Ал биылғы кездесу «Астана Аренада» өтті. Матч «мұнайшылар» қақпасына белгіленген пенальтимен басталды. 4-минутта атыраулықтардың қорғаушысы өз айып алаңында қолмен ойнап, төреші он бір метрлікті көрсетті. Әйтсе де, Владимир Логиновский «Қайрат» капитаны Бауыржан Исламхан тепкен допты кері қайтарды. Бірақ алматылықтар 14-минутта өз дегеніне жетті. Ғафуржан Сүйімбаевтың пасынан кейін Александр Соколенко ұрымтал тұстан мүлт кетпеді – 1:0.
«Атырау» екінші таймда таразы басын теңестіруге тырысты. Предраг Сикимичтің соққысы қақпа бағанасы тисе, Бабатунде Адениджидің баспен бос қақпаға ұрған добы сәл биік кетті. Ал матч соңына таман қарсыластың айып алаңында шабуылға араласқан қақпашы Логиновский баспен соққы жасаған еді – Стас Покатилов командасын құтқарып қалды. Осылайша, матч «Қайраттың» минималды жеңісімен аяқталды.
Қазақстан кубогы-2018. Финал
«Атырау» - «Қайрат» 0:1 (0:0)
Гол: Соколенко 14