Сенсациясыз. 2018 жылғы ҚПЛ аяқталды
Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының 2018 жылғы маусымы тәмамдалды.
Ел чемпионатының жүлдегерлері алдыңғы турларда белгілі болып қойған еді, сондықтан бұл турда басты талас төменгі орындарда келе жатқан командалар арасында болды. Одан бөлек, бірқатар клубтар Еуропа лигасына жолдама беруі мүмкін 4-ші орын үшін де таласты.
Ел чемпионы «Астана» өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдаған. «Астана Аренадағы» кездесуді алаң иелері негізгі құраммен бастады. Бұл кездесуді Марин Томасовтың бенефисі деуге де болатын шығар. Ойынның 21-минутында Марин есеп ашқан. Екінші таймның басында Ронгело Янга «Астананың» екінші голын соқты. Премьер-лигада қалу үшін күресіп жатқан «Ертіс» ел чемпиондарына қарсы ештеңе де істей алмады. 64 және 68-минуттарда Томасов қанжығасын майлап, хет-трик авторы атанды. Қорытынды есеп – 4:0, «Астана» ішкі маусымды ірі жеңіспен аяқтады, енді елордалықтар Еуропа лигасының матчтарына дайындалады.
«Астана» чемпиондықты осылай тойлап өтсе, «Ертістің» жағдайы қиын. Павлодарлық клуб маусымды 10-шы орында аяқтады. Енді олар «Қыранға» өтпелі матчқа қатысады.
«Астана» - «Ертіс» 4:0 (1:0)
Голдар: Томасов 21, 64, 65, Янга 51
«Қайрат» әдеттегідей «Шахтерге» қарсы ойында қазақстандық футболшыларды алаңға шығарды. Бұл қоштасу матчы саналатын Андрей Аршавин де қосалқы құрамда қалды. Алматылық команда Премьер-лиганың соңғы матчын өз жанкүйерлерінің алдында жеңіспен аяқтағысы келсе де, «кеншілер» бір ұпайды қолдан берген жоқ. Есеп – 0:0. Аршавин үшін «Қайраттағы» соңғы матч осындай нәтижемен аяқталды. Дегенмен «Қайрат» үшін маусым аяқталған жоқ, алматылықтар енді Қазақстан кубогының финалына дайындалады.
«Халық командасы» Премьер-лиганың вице-чемпионы атанды. Ал «Шахтер» осы тең ойынның арқасында 8-ші орынға көтеріліп кетті.
«Қайрат» - «Шахтер» 0:0
«Тобыл» үшін де бұл кездесу маңызды емес-тін. Қостанайлық клуб қола жүлдені еншілеп қойған еді. Ал «Қызыл-Жарға» қалай болғанда да жеңіс болатын. Бірақ «Тобыл» өз жанкүйерлерінің алдында жеңісті бере қоймады. Ойын жылдам голмен басталды. 1-ші минутта Ника Квеквескири есеп ашты. Екінші таймда грузиялық легионер дубль авторы атанды. Ал матч соңына қарай Нұрбол Жұмасқалиев кездесудің нүктесін қойды – 3:0.
«Тобылдың» осы маусымда қола жүлде алғанын айттық. Ал «Қызыл-Жар» Премьер-лигада бір маусым өткізіп, 11-ші орынмен Бірінші лигаға қайта оралды.
«Тобыл» - «Қызыл-Жар СК» 3:0 (1:0)
Голдар: Квеквескири 1, 56, Жұмасқалиев 83
Маусымның соңына қарай 4-ші орын үшін талас қызу жүрді. Бұл орынға төрт бірдей команда үмітті еді. Нәтижесінде, бұл додада «Ордабасы» жеңіске жетіп, Еуропа лигасына жолдама беруі мүмкін төртінші орын шымкенттіктерге бұйырды. Соңғы турда «Ордабасы» «Атырауды» қабылдаған. Жоғарыдағы матчтардан басты айырмашылық – бұл ойында екі командаға да жеңіс ауадай қажет болатын. Шымкенттік клуб өз алаңында минималды жеңіске қол жеткізді. Кездесудегі жалғыз голды Мирзад Механович соқты – 1:0.
Осылайша, «Ордабасы» өзіне қажетті орынды сақтап қалды. Ал негізгі бәсекелестерінің жеңілуіне байланысты «мұнайшылар» да Премьер-лигадағы орнын сақтай алды. Команда маусымды 9-орынмен аяқтады.
«Ордабасы» - «Атырау» 1:0 (1:0)
Гол: Механович 15
Талдықорғанда жергілікті «Жетісу» мен «Ақжайық» күш сынасты. «Ақжайық» өткен турда жеңіліп, Бірінші лигаға ұшып кеткен болатын. Ал соңғы турда талдықорғандықтар қарсылас қақпасына үш гол соқты. Кездесудің басында Еркін Тапалов допты өз қақпасына салып алды. Кейін «Жетісу» Альмир Мұхитдиновтың көмегімен екінші голын соқты. 80-минутта Малик Мане есеп айырмасын қысқартқанымен, соңғы сөз алаң иелерінде қалды. Қосымша уақытта Сабырхан Ибраев матч нүктесін қойды – 3:1.
Осы матчтан кейін «Жетісу» алтыншы орнын алды. Ал «Ақжайық» соңғы орынмен төменгі дивизионға түсті.
«Жетісу» - «Ақжайық» 3:1 (1:0)
Голдар: Тапалов (автогол) 6, Мұхитдинов 68, Ибраев 90+1 – Мане 80
Қызылордалық «Қайсар» ғана сырт алаңда жеңіске жете алды. Басқа-басқа емес, негізгі бәсекелестерінің бірі «Ақтөбені» стадион толы жанкүйерлерінің көзінше жеңіп кетті. Матч тағдырын Игорь Зенькович шешті. Ол бірінші таймда дубль жасап, «қасқырларға» жеңіс сыйлады – 2:0.
Осылайша, «Қайсар» осы жеңістен соң маусымды бесінші орынмен аяқтады. Ал екі тур бұрын 4-ші сатыда тұрған «Ақтөбе» бірден жетінші орынға сырғыды.
«Ақтөбе» - «Қайсар» 0:2 (0:2)
Голдар: Зенькович 17, 35