Ричард Алмейда: Қазақстан жақсы, бірақ өте салқын
«Астана» мен Әзірбайжан құрамасының жартылай қорғаушысы Ричард Алмейда Аzerisport.com сайтына берген сұқбатында елордалық клубқа қалай ауысқаны жайында айтты.
«Әзірбайжанда менде бәрі болды. Әзірбайжандық футбол ойыншыларды жақсы тәрбиелейді. Чемпионатта оңай матчтар жоқ, бар болғаны сегіз команда. Бірақ «Астананың» ұсынысы өте тамаша болды, одан бас тарта алмадым. Қаңтарда бапкерге келісімшартты ұзартпайтынымды айттым. Басында араб әмірлігінің «Аль-Джазира» клубына ауысуым керек болған, бірақ «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук менің менеджеріммен кездесуді сұрады. Бірнеше рет Астанаға барудан бас тартқанмын, бірақ отбасылық кеңестен соң бұл жақсы нұсқа екенін түсініп, екі жылға келісімшартқа отырдым. Бұл жақтың чемпионаты жақсы, бірақ «Карабахқа» оралғым келеді – оның үстіне, олар мені қайта шақырып жатыр. Қазақстанда тағы бір жыл қаламын шығар. Мұнда бәрі жақсы, бірақ өте салқын», - деді Алмейда.
Футболшы мансабы аяқталған соң туған жері Бразилияға да оралғысы келетінін айтты.
«Суықты жек көремін. Әйеліме жағажайда тұрғым келеді деп айтамын. Бірақ өмір қандай сыйлық алып келетіны белгісіз. Бапкер боламын ба, жоқ па – білмеймін», - дейді «Астананың» жартылай қорғаушысы.