Алаң иелерінің күні
Футболдан ел Премьер-лигасының 32-туры аясындағы бес матч бір уақытта басталды.
Турнир кестесінің соңғы орындарында келе жатқан «Ертіс» пен «Ақжайық» Павлодарда жүздескен. Димитар Димитров шәкірттері маңызды ойында жеңіске жетті. Бұл ойында үзіліске дейін есеп ашылмай, жанкүйерлер голды екінші таймда көре алды. 63-минутта Павел Шабалин есеп ашқан. 80-минутта Абель Камара павлодарлықтардың екінші голын соқты – 2:0.
«Ертіс» - «Ақжайық» 2:0 (0:0)
Голдар: Шабалин 63, Камара 80
Чемпионаттың қола жүлдесін еншілеп қойған «Тобыл» «Шахтерге» қонаққа барды. Премьер-лигада қалу үшін күресіп жатқан «кеншілер» қар астындағы футболда жеңіске жетті. 37-минутта Гегам Арутюнян алаң иелерін алға шығарды. Ал екінші таймда Дамир Кояшевич есепті еселеді. Матч соңына таман Виктор Дмитренко есеп айырмасын қысқартқанымен, «Тобыл» таразы басын теңестіре алмады. Қорытынды есеп – 2:1.
«Шахтер» - «Тобыл» 2:1 (1:0)
Голдар: Арутюнян 37, Кояшевич 76 – Дмитренко 90
Қызылордада жергілікті «Қайсар» талдықорғандық «Жетісуды» қабылдаған. Бұл екі команда да Еуропа лигасына қатысуға мүмкіндік беретін 4-ші орын үшін таласып жатыр. Матч тағдырын бір ғана гол шешті. 51-минутта «Жетісу» қорғаушы Иван Садовничий допты қақпада тулатты. Бірақ қарсыластың емес, өз қақпасына... Бұл гол қызылордалық команданың үш ұпай еншілеуіне жеткілікті болды – 1:0.
«Қайсар» - «Жетісу» 1:0 (0:0)
Гол: Садовничий автогол 51
Атырауда батысқазақстандық дерби өтті. «Мұнайшылар» «Ақтөбені» қабылдаған. Бұл ойында есепті алаң иелері ашты. 16-минутта Предраг Сикимич дәл соққы жасады. Алайда төрт минуттан соң Юрий Перцух допты өз қақпасына соғып алды да, есепті теңестірген.
Екінші таймда «Атырау» қонақтар қақпасына жауапсыз екі гол соғып тастады. 58-минутта Сикимич дубль авторы атанса, көп ұзамай, Қуаныш Қалмұратов бұрыштан әуелеткен доп қақпаға еніп кетті. Қорытынды есеп – 3:1, алаң иелері жеңіске жетті.
«Атырау» - «Ақтөбе» 3:1 (1:1)
Голдар: Сикимич 16, 58, Қалмұратов 65 – Перцух автогол 20
Шымкенттік «Ордабасы» болса, Петропавлда «Қызыл-Жар СК» командасына қонаққа барды. Жоғарыда айтылған матчтарда алаң иелері жеңіске жетсе, тек осы ойында ғана қонақтар үш ұпай еншіледі. Осылайша, «Ақтөбенің» сырт алаңда ұтылғанын «Ордабасы» пайдаланып кетті. Футболшылар бірінші таймда гол соға алмаса да, үзілістен кейін үш рет ойынды ортадан бастады. 59-минутта Жасұлан Молдақараев «Ордабасыны» алға шығарды. Араға аз уақыт салып, Тимур Мульдинов таразы басын теңестіріп тастады. Тең есептің ауылы жақындаған тұста, «Ордабасы» ойыншылары жеңіс голын соғып кетті. Қосымша уақытта Неманья Коич қонақтарға жеңіс сыйлады. Қорытынды есеп – 1:2.
«Қызыл-Жар СК» - «Ордабасы» 1:2 (0:0)
Голдар: Мульдинов 61 – Молдақараев 59, Коич 93
32-турдың «Астана» мен «Қайрат» арасындағы орталық ойыны басқа матчтардан кеш басталды.
Осы турдан соң «Ақжайық» 30 ұпай еншілеп, соңғы орыннан Бірінші лигаға түсіп қалды. «Шахтер», «Ертіс» пен «Қызыл-жарда» 35 ұпайдан бар. «Атырау» олардан бір ұпайға озып тұр. Бұл төрт команда соңғы турда Премьер-лигада қалу үшін күреседі.
Ал тағы бірнеше команда Еуропа лигасына жолдама беретін (Кубокты «Қайрат» жеңіп алса) 4-ші орын үшін талас жүргізеді. «Ордабасы» 43 ұпаймен төртінші сатыға көтерілді. «Ақтөбе» мен «Қайсарда» 42 ұпайдан бар. Ал «Жетісудың» еншісінде 40 ұпай.