Гоу Қазақстан құрамасында ойнағысы келеді
«Қайраттың» бұрынғы шабуылшысы Жерар Гоу Қазақстан ұлттық құрамасында ойнауға ниетті екенін білдірді, деп хабарлайды Prosports.kz.
Қазіргі таңда Қытайдың «Бэйцзин Интерпрайзес» клубында доп тебетін шабуылшы «Instagram» желісінде ұлттық құраманың жанкүйеріне жауап берді.
Бұл диалог кеше UEFA Ұлттар лигасы аясында өткен Андорра-Қазақстан (1:1) матчынан кейін орын алған.
- Джерри, біздің ұлттық құрамамызбен сөйлесіңіз. Бізде жөні түзу шабуылшы жоқ, тіпті, мықты шабуылшыны соңғы 10-15 жылдан бері көрген жоқпыз. Бізде жақсы команда бар, бірақ шабуылшы жоқ. Бүкіл ел жанкүйері сізді құрамадан көргісі келеді, - деп жазған белгісіз жанкүйер.
Ал жанкүйердің жазған жеке хабарламасына «Қайрат» тарихындағы ең үздік шабуылшы жауап жазып, өзінің бұл ұсынысқа қарсы емес екенін айтқан.
- Мен де Қазақстан құрамасында ойнағым келеді, - дейді Гоу.
