«Кеншілердің» күмәнді келешегі
Жергілікті бюджетке тәуелді қазақстандық клубтарды болашақта не күтіп тұрғанын дәл айту мүмкін емес. Бүгін чемпион болсаң, ертең төменгі лигаға түсіп қалмаудың амалын жасап жүруің әбден мүмкін. Мұны қарағандылық «Шахтер» өте жақсы біледі.
Қарағандыдағы ақша жайында
«Кеншілердің» қазіргі тарихы, шамамен, 2010 жылдан бастау алады. Команда қазақстандық аренада да, Еуропада да табысты өнер көрсете бастады. Әрине, бұл қаржылық тұрғыда да әсер етеді – клуб өзінің ең табысты жылдарында қиындыққа тап болған жоқ, ешқандай қарыз, несие, аванс төлемдері болмады. Бірақ соңғы төрт жылда қаржылық жағдайы нашарлап кетті.
2016 жылы «Шахтерде» 1 миллиард, 160 млн теңге ақша болған, оның басым бөлігі (1 млрд 104 млн теңге) мемлекеттік бюджеттен берілген еді. Бірақ сол жылы клубтың шығыны 1 млрд 219 млн теңге болды – бұған жалақы, аванстар, салықтар, тауар мен қызмет ақылары кіреді. Яғни, 2016 жылы «кеншілер» аз да болса, минусқа кіріп кетті. Оның алдыңғы жылы да солай болған. 2015 жылы кірістен көрі шығыс көбірек тіркелді. Осылайша, команда қарызға кіре бастады: ал қарыз көп болған сайын, нәтиже де нашарлай бастайды. Бұл механизм барлық жерде солай. 2016 жылы «Шахтердің» қарызы 270 млн теңгеге жетсе, 2015 жылы 300 млн болған – бұл сомаға агенттік төлемақылар мен несиелік берешек кіреді. 2016 жылдың басында клубтың жабылмаған шығыны 754 млн теңге болды.
Оның алдыңғы жылдарға да тоқталсақ. 2014 жылы командаға 2 млрд теңге құйылды – оның 1.8 миллиарды ұлттық чемпионат, ҚР Кубогы мен УЕФА Чемпиондар лигасына қатысу үшін берілген. Сол жылы «Шахтер» УЕФА-дан сыйақы ретінде 173 млн теңге алды. Ал клубтың шығыны 1.9 млрд теңгеге жетті, мұның бір миллиард теңгеден астамы жалақыға кетті. Сол жылғы қарыз 430 млн теңге болған, оның 257 миллионы – жалақы мен агенттік төлемақылар. Сол жылы да клубтың қаржылық жағдайы минусқа ене бастады.
«Кеншілер» үшін сәтті болған 2013 жылы клуб 3,3 млрд теңге алды – 700 млн теңгені УЕФА-ның өзі берген (естеріңізде болса, «Шахтер» сол жылы еурокубоктың топтық кезеңіне өткен еді). Сол жылы жалақыға кеткен сома 1,8 млрд теңгені құрады.
2012 жылы қарағандылық клубтың бюджеті 2 млрд теңге болды, мұның өзі 2016 жылдан көп. Бұл сомаға жергілікті бюджеттен құйылған ақша, демеуші көмегі мен УЕФА-ның сыйақысы кіреді. Сол жылы жалақы төлеу үшін 1.1. млрд теңгеге шығындалған.
Кубок болса, ақша да бар
Соңғы жылдары «Шахтердің» экономикасы құлдырап барады, бұл клубтың Қазақстан Премьер-лигасындағы қазіргі жағдайына әсер етері анық. Команда ҚПЛ шыңында тұрған сәттері қаржылық жағдайы да сол шыңда болған. Табысты клубқа мемлекет қана емес, демеушілер де қызығушылық танытады. 2012 жылы «Шахтер» «Арселор Миталл Теміртау» АҚ-дан демеушілік көмек ретінде 300 млн теңге алды – яғни, кеншілер «кеншілерге» көмектесті. Сол жылы «Жастар» МБЖОРМ 176 млн теңге берген. 2013 жылы команда билет сатылымынан 34 млн теңге пайда көрген. Бірақ келесі жылдан бастап демеушілер табылмай, 2014-2015 жылдары клуб ешқандай көмек алмады. Тек 2016 жылы ғана «кеншілер» демеуші таба алды – оның өзі 1 млн теңге ғана.
Осыдан-ақ, команданың ертеңіне күмәнмен қарауға тура келеді. «Шахтерге» бес жыл бұрынғы чемпиондық атақты қайтарып алу үшін ойыншылар мен бапкерлердің жігері аздық етеді, ең бірінші кезекте жергілікті бюджет пен демеушілерден қаржы құйылуы тиіс. Ал әзірше «Ақтөбенің» жолымен тағы бір топ-командамыз құлдырап барады.