Ой қорыту

«Тракай» - қандай қарсылас?

«Тракай» - қандай қарсылас?
news-banner7
mobile-news-top

Бүгін түнде үшінші командамыз кәріқұрлыққа жорығын бастайды. Керекудің «Ертісі» Еуропа Лигасына іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуін өткізеді.

Біздің футболшылар Литвалық «Тракай» командасымен жолдама үшін таласатын болады. Қарсылас жайлы не білеміз?

Тарихы

«Тракай» клубы 2005 жылы құрылған. Алғашқыда балалар мен жасөспірімдерге арналған орталық болып ашылған бұл клуб артынша биік белестерді бағындырды. 2006 жылы жасанды алаң төселген стадион салып, үлкен футболдағы жорығын бастады. Үшінші Лиганың Вильнюсс аумағында өнер көрсеткен «Тракай» араға 8 жыл салып Литваның жоғары Лигасына жолдама алды. Міне, содан бері аталмыш команда Литваның бетке ұстар ұжымдарының бірі.

Еурокубоктағы жорығы

А Лига келе салысымен төртінші орынға табан тіреген «рыцарьлар» («Тракай» клубына жанкүйерлердің қойған лақап аты - авт.) Еуропа Лигасына жолдама алды. Халықаралық деңгейде тәжірибелері жоқ болса да литвалық футболшылар екінші кезеңге жетті. «Тракай» 2014 жылдан бері еурододада үздіксіз өнер көрсетіп келеді. Келесі жылы алғашқы кезеңде ақтөбелік жанкүйерлерге жақсы таныс «Нымме Калью» командасына әлдері жетпеді. Дегенмен 2017/18 жылғы маусымда Еуропа Лигасының үшінші іріктеу кезеңіне дейін жеткен.

Ал биыл алдын ала іріктеу сынында Уэльстің «Сефн Друидс» командасынан айласын асырып, «Ертіске» қарсылас атанып отыр

Құрамы

Сапында 8 шетелдік және 15 жергілікті футболшылар өнер көрсетеді. Дегенмен негізгі құрамның басым бөлігін литвалық ойыншылар құрайды. Құрамындағы ең танымал футболшы - Динияр Билялетдинов. Ресейлік «Спартак», «Локомотив», «Рубин», англиялық «Эвертон» командаларында доп тепкен ресейлік ойыншы ТМД елдеріне жақсы танымал. Жасы 33-ке келсе де әлі тың, әлі мықты. Құрамында Билялетдинов секілді тәжірибелі футболшы болғанымен, салыстырмалы түрде команда жас ойыншылардан құралған. Команданың орташа жасы - 24,8-ді құрайды.

Футболшылардың құны

«Тракай» футболшыларының жалпы құны - 3 миллион еуро. Команданың ең қымбат ойыншысы - Оскар Дорлей. 19 жасар либериялық футболшыны әйгілі немістің Тransfermarkt сайты 400 мың еуроға бағалаған.

Түйін

Литвалық команданы кезекті ортаңқол қарсылас деп атауға болмайды. Құрамында Динияр Билялетдинов секілді тәжірибелі, Оскар Дорлей сияқты жалындап тұрған жастар бар. Оның үстіне 4 жылдан бері Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіне тұрақты қатысып жүр. «Ертістің» дәл қазіргі жағдайына қарай отырып, келесі кезеңге өтуге «Тракай» ойыншыларының мүмкіндігі жоғары секілді көрінеді. Димитар Дмитровтың тізгінді қайта қолға алғаны, жарты жылдан бері тоқырауға ұшыраған «Ертіске» тез арада еш жию қажет. Әйтпесе, «рыцарьлардың» қарымы мықты....

Түпнұсқасы: Prosports.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер