«Эндоргани» құрамы «Қайраттан» 53 есе арзан
Алматылық «Қайраттың» Еуропа лигасындағы алғашқы қарсыласы анықталды.
«Халық командасы» бірінші іріктеу кезеңінде андорралық «Эндоргани» клубымен күш сынаспақ. «Эндоргани» бастапқы кезеңде сан-маринолық «Фольгоремен» кездескен. Қос матчтан тұрған текетірес соңғы минутқа дейін тартысты болды. Андорралық клуб алғашқы матчты өз алаңында өткізіп, 2:1 есебімен жеңіске жеткен. Алайда қарымта ойында «Фольгоре» 86-минутта гол соғып, келесі кезеңге өтуге жақын болған еді. Алайда матчтың 96-минутында сан-маринолықтар допты өз қақпасына соғып алып, жолдаманы «Эндорганиға» бере салды. Осылайша енді, «Қайрат» андорралық ұжыммен күш сынасады.
«Эндоргани» тарихы
Бұл клуб 1980 жылы 15 мыңға жуық тұрғыны бар Эскальдес-Энгордань қаласында құрылған. Алғашқы атауы «Спортинг Эскаль Энгордани» болғанымен, 2001 жылдан бері қазіргі атауды алған. 2003 жылы алғаш рет Андорраның Примерасында (жоғары двизионы – ред.) өнер көрсетті. Алайда ұзақ жылдар бойы дивизионның аутсайдері болып, төменгі лигаға түсіп қала беретін. Тек 2014/15 жылғы маусымнан бастап Примерада тұрақты ойнап келеді.
Былтырғы маусымда «Эндоргани» Андорраның вице-чемпионы атанды. Бұл «Эндорганидің» тарихындағы алғашқы күміс медалі және ол ең үздік нәтижесі болып саналады.
Өз стадионы жоқ қарсылас
Андорралық клубтардың өздеріне тиесілі стадиондары жоқ. Бәрін де футбол федерациясы басқарады. Бастапқы кезеңдегі матчтарды «Эндоргани» «Комуналь д'Андорра-ла-Велья» стадионында өткізді. Сондықтан, «Қайратты» да осы аренада қабылдауы мүмкін.
Бұл стадионның айналасын Пиреней таулары қоршап тұр. 2013 жылы Daily Mail оны әлемдегі ең әдемі алаңдардың тізіміне қосқан. Сыйымдылығы – 1299 адам. Бұл стадион шағын болғанымен УЕФА-ның барлық талаптарына сай екен.
Вороговский > «Эндоргани»
«Эндоргани» сапындағы барлық ойыншылардың трансферлік бағасы – 325 мың еуро. Ең қымбат ойыншысы – уругвайлық Николас Алонсо. Оның нарықтағы құны 200 мың еуроны құрайды.
Трансфермаркт ақпаратына сүйенсек, команда сапында 18 легионер бар екен. Яғни, команданың 75%-ын шетелдік футболшылар құрайды.
Салыстырмалы түрде айтар болсақ, «Қайрат» футболшыларының трансферлік бағасы – 17,65 миллион еуро. Команда қорғаушысы Ян Вороговскийдің (400 мың еуро) өзі «Эндорганидің» бүкіл құрамынан қымбат. Дәлірек айтқанда, «Қайраттың» құрамы «Эндорганиден» 53 есе қымбат екен.
Енді командалардың алғашқы матчы 12 шілдеде Андоррада өтеді. Қарымта ойын 19 шілдеге жоспарланған.