Марин Томасов: «Астана» Еуропада Қазақстанға керемет жарнама жасады
«Астана» Президенттік клубына сұхбат берген «Астана» футбол клубының жартылай қорғаушысы, хорват легионері Марин Томасов Қазақстан аяқдобы жайлы әңгіменің тиегін ағытып, еуродода жайлы өз ойымен бөлісті.
- Марин, сіз қазір Қазақтстан футболындағы ең үздік ойыншылардың бірісіз. Бірақ, шыны керек, былтыр командаға келгенде әу баста ойыныңызға жанкүйерлердің көңілі толмаған еді. Шамасы, бастапқыда әртүрлі кедергілер болған секілді. Солардың бастыларын айтып өтсеңіз. Тілге үйренісе алмадыңыз ба, әлде біздің менталитет басқаша ма, климат жақпады ма немесе басқа себептер болды ма?
- Мен легионермін. Сондықтан, клуб басшылығының да, жанкүйерлер мен жаттықтырушылардың да талаптары маған жоғары болады. Соған лайық болуым қажет. Әу баста қатты қобалжығаным рас. Командаға алғаш қосылғанда өзімнің жақсы қырымды көрсете алмағаным да жасырын емес. Бірақ, тынбай жаттықтым, еңбектендім. Өзімнің кемшіліктерімді таразылап, қателіктерімді жоюға күш салдым. Кейде құлазығанда «мен осы «Астанада» ойнауға лайықпын ба? Ендеше маған не жетпей жатыр?», - деп өзіме сұрақ қоятынмын. Алдымнан кездескен кедергілерге мән бермеуге тырыстым. Климат дейсіз бе? Әлбетте, Астанада қыс қазанда түсіп кетеді. Сәуірде жерде әлі қар жатады. Бірақ, ол екінші кезектегі мәселе. Тіл білмеушілік дейсіз бе? Командада ағылшын тілінде сөйлейтіндер көп. Бәрі бұл тілді жетік меңгерген десем де болады. Оның үстіне, төрт ойыншы бұрынғы Югославияның өкілі. Тіліміз бір. «Астана Аренаның» синтетикалық алаңын айтатын шығарсыз. Еуропада негізінен табиғи шөпте ойнайды. Алайда, «Астана Аренаға» бейімделу қиынға түскеніне қарамастан мұндағы алаң өте жоғары сапалы. Доп тез сырғып, жылдам ұшады. Шынын айтқанда, сылтау іздей берсең, кез келген нәрседен сынық табуға болады ғой. Алайда, ең бастысы – шыдамдылық пен еңбек. Соның арқасында қазір «Астана» жанкүйерлерін жақсы ойыныммен қуантып жүрмін деп ойлаймын. Мені тек елордада ғана емес, басқа қалаларда да жанкүйерлердің қолдайтынын сезінемін. Орайы келгенде, Қазақстандағы барша жанкүйерлеріме алғыс айтқым келеді.
- Жалпы, «Астанада» ғана емес, жаппай Қазақстан Премьер-лигасын алар болсақ, бұрынғы Югославияның ойыншылары өте көп. Бұл сіз үшін қаншалықты маңызды? Балқан футболшыларының қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз? Неліктен олар Еуропада соншалықты сұранысқа ие?
- Отандастарыңның неғұрлым көп болғаны жақсы ғой. Біздің «югославтықтар» дейікші. Менің командаға бейімделуіме септігін тигізген солар. Солардың арқасында Астанада бөтенсімей жүрдім. Жалпы, қай елге барсаң да, алдымен жергілікті халықтың менталитетін зерттеп, ерекшеліктерін білгенің жөн. Дегенмен, өзіңмен бір тілде әңгімелесетін жақындарыңның көп болғаны өте маңызды. Сол жерге жылдам сіңісіп кетуіңе көмегі зор. Балқандықтардың ерекшелігі дейсіз бе? Біз жылдам бейімделеміз, достыққа адал және тез тіл табысқышпыз. Ешкімді бөтенсімейміз. Тәртіпті жақсы көреміз және физикалық-техникалық тұрғыдан жақсы дамығанбыз. Хорваттардың Еуропаның белді клубтарында сұранысқа ие екендіктері мені қуантпай қоймайды. Тек футболшыларымыз ғана емес, бұрынғы югославиялықтардың жаттықтырушылар мектебі де жақсы қалыптасқан. Оның үстіне, спорттық инфрақұрылым да жоғары деңгейде. Осының барлығын ескерер болсақ, шебер ойыншылардың шығып жатуы заңдылық.
- «Астанада» қай ойыншылармен достық қарым қатынас орната алдыңыз?
- «Астана» мені өте жылы қабылдады. Футболшылардың қолдауын бірінші күннен бастап сезіндім. Нәтижесінде, уақыт өте келе өзіме деген сенімділік пайда болды. Әріптестерің саған сеніп, қолдап, қанаттандырып жатса, одан басқа не керек? Өзің-ақ алаңда сәйгүліктей жүйткіп кетесің. Эрич, Деспотович, Аничич және Станоевич сынды балқандықтардан бөлек, басқа футболшылармен де жақсы қарым-қатынастамыз.
- «Астана» жайлы айтайықшы. Соңғы бес жылда клуб Қазақстан футболының көшбасшысы дәрежесіне дейін жетіп, Шығыс Еуропадағы ең үздік командалардың біріне айналды. Мұның құпиясы неде?
- Бір ғана жауап. Жай ғана айтып өтейін. Біз өте білікті менеджемнттің қол астындамыз. Клубтағы әрбір қызметкер өз міндетін беске біледі және мүлтіксіз атқарады. Клубымыздың президенті Саян Хамитжанов – нағыз профессионал. Атқарушы директор да тек мақтау сөздерге лайық. Жаттықтырушыларымыз жайлы өздеріңіз де жақсы білесіздер. Сондай-ақ, Қазақстанда және Еуропада сәтті ойнап жатқанымызды ескерсек, клуб футболшылары да тәжірибелі екеніне көз жеткізуге болады.
- Ал Хорватияда жанкүйерлер сіздің Қазақстандағы ойындарыңыздан хабардар ма? Жалпы, «Астана» туралы, Қазақстан жайлы Балқан елдері қандай пікірде?
- Иә, хорватиялық спорт журналистері болсын, «Риека» мен «Хайдук» жанкүйерлері болсын, менің «Астанадағы» ойындарымнан хабардар. Үнемі ақпарат алып отырады. Оның үстіне, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасындағы ойындарда мені іздеп келетін фанаттар да бар. Бәрі де Қазақстан жайлы сұрап, Астананың әдемілігіне тамсанып кетіп жатады. Негізі, «Астана» еурокубокта Қазақстанға керемет жарнама жасады. «Астананың» әр жеңісінен кейін еуропалық футболсүйер қауымның Қазақстанға деген қызығушылықтары екі есе артып жатқандығын байқайсың.
- Ұзақ жылдар бойы «Астанаға» демеушілікті «Самұрық-Қазына» компаниясы жасап келеді. Мұндай сенімді демеушінің клуб үшін маңызы қанша? Жалпы, клубтағы жағдайларға қаншалықты көңіліңіз толады?
- «Самұрықтың» логотипі біздің формамызда бейнеленген. Ойындар кезінде бұл брендтің жарнамалары стадионның барлық бұрышын жаппай алып жатады. Иә, «Астананың» тұрақты сәтті ойнап келе жатқаны осы бас демеушіміздің арқасы. Мұны бәріміз де жақсы білеміз. Жалпы, біздің клубта бәрі жоғары деңгейде. Футболшы ретінде ешнәрсе ойламаймыз. «Астана» Президенттік клубтың бір мүшесі екендігімізді де жақсы білеміз. Бізден бөлек, Президенттік клубтың құрылымында хоккей, баскетбол, бокс, велокомандалар бар екенін де білеміз. Мұның барлығы бізге «Реал Мадридті» еске түсіреді. Сондықтан, Президенттік клубтың абыройын түсірмей, әрі қарай да табысты ойнай беруіміз қажет.