Transfermarkt: Шомко қымбаттап, Исламхан арзандады
Германиялық transfermarkt.de сайты футболшылардың трансфер нарығындағы бағасында орын алған өзгерістерді жариялады, деп хабарлайды prosports.kz.
Жаңарған нұсқада Қазақстан Премьер-Лигасында өнер көрсететін футболшылардың да бағасы өзгерген. Трансфер нарығында құны ең көп жоғарлаған ойыншы - «Астананың» шабуылшысы Патрик Твумаси. Беделді сайттың пайымдауынша Патрик 2,8 млн еуро тұрады. Осылайша, ганалық шабуылшы бірден 800 мың еуроға қымбаттап отыр.
Одан бөлек «Астананың» тағы бір ойыншысы Дмитрий Шомконың бағасы да елеулі түрде өскен. Қазақстандық қорғаушы 500 мың еуро қымбаттап 2,5 миллионға бағаланып отыр. 
Негізі «Астана» командасы сапында трансферлік құны өскен ойыншылар аз емес. Жоғарыдағы екі футболшыдан бөлек, Марин Аничич (1,2 млн) пен Марин Томасовтың (2 млн) құны 300 мың еуро, Абзал Бейсебеков (1 млн), Роман Муртазаев (1,2 млн) және Евгений Постников (800 мың) үшеуінің бағасы 200 мың еуро өссе, Бахтиёр Зайнутдинов (750 мың) 250 мың еуроға қымбаттап отыр.
Ал бағасы түскен ойыншылар - Юрий Логвиненко (1 млн) 200 еуро, Игорь Шитов (650 мың) 150 мың еуро арзандаған екен.
Ал «Қайрат» сапынан трансферлік құны ең көп өскен Адеринсола Эсеола мен Нұралы Әліп. Украиналық шабуылшының құны бірден 550 мың еуро өсіп, 800 мыңға бағаланып отыр. Ал қазақстандық жас қорғаушының бағасы 10 есе қымбаттап 500 мың еуроға жетті.

Алматылық клубтың ең қымбат ойыншысы енді Исаэль Барбоза болмақ. Бразилиялықтың бағасы 300 мың еуро жоғарылап, 2 млн еуроға бағалануда. Ал осыған дейін командадағы ең қымбат футболшы атанып келген Бауыржан Исламхан керісінше 200 мың еуро арзандап, 1,8 миллионға түсіп қалды.
Ал басқа командаларда айтарлықтай өзгерістер көп емес. «Ордабасы» командасының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Тұңғышбаевтың құны бір миллион еуроға жетті. Осылайша, ол 200 мың еуро қымбаттап отыр. Ал аргентиналық қорғаушы Пабло Фонтанелло (1,2 млн) 300 мың еуро арзандады.