Испания - Ресей: Алаң иелерінің әуселесін байқаймыз
Ресей жерінде өтіп жатқан ХХІ кезекті Әлем біріншілігінің топтық кезеңі өз мәресіне жетті. Төрткіл дүние түгел көз тіккен ғаламдық доданың топтық кезеңі тосын сыйларға толы болды, деп жазады prosports.kz сайты.
Ел күтпеген жағдайлардың шырқау шығы – Германия құрамасының плей-офф сатысына өте алмай қалуы болды.
Міне, енді жанарларды жаулаған жаһандық доданың плей-офф кезеңі де басталып кетті. Алғашқы екі ойын жанкүйерлер үшін ауыр болды. Өйткені, ол екі матч әлем футболының екі мықтысын еліне қайтарды. Алдымен, Месси бастаған Аргентина құрамасы Франция футболшыларынан жеңіліп қалса, Роналдудың Португалиясы Уругвайдан айласын асыра алмады.
1/8 финал
Испания - Ресей (Астана уақыты 20:00). Келесі кезеңге өту мүмкіндігі: 70%-30%
Испания құрамасы – Испания құрамасына бүгінгі таңда тек атақты футболшылар топтасқан. Қорғаныс шебінен тарып шабуылшыларына дейін Еуропаның ең беделді клубтарында доп тебеді. Қорғаныста өнер көрсететін төрт ойыншысы «Реал Мадрид» пен «Барселонаның» негізгі қорғаушылары.

Ал қақпасын Англия чемпионатының ең үздік қақпашысы атанған Давид Де Хеа қорғайды. Давид осы маусымда 18 ойында өз иелігін голдан таза сақтаған екен.
Жартылай қорғаушылары да шетінен «сен тұр мен атайын» деген шебер ойыншылар. Жақында ғана Жапонияға жол тартқан Андрес Иньеста өзінің ең соңғы Әлем чемпионатында жанкүйерлерін және бір қуантуға үмітті. Ал Иско, Асенсио, Васкес қатары Еуропа чемпиондар лигасының жеңімпаздары мен құраманың жаңа көшбасшысы Давид Сильва да Ресей жерінде өз шеберліктерін пәш ететін болады.
Шабуыл шебіне шақырылған Диего Костаның қарқыны қатты. Топтық кезеңде үш гол соғып, чемпионаттың үздік сұрмергені атануға үмітті екенін аңғартты.
Испания футболшылары топтық кезеңде керемет нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Үш ойынның тек біреуінде ғана жеңіске жете алды (1:0 Иран). Ал Португалия мен Марокко құрамаларымен ұпай бөлісті.

Ресей құрамасы – алаң иелері араға 32 жыл салып Әлем чемпионатының плей-офф кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болып отыр. Біріншілік басталмай тұрып жанкүйер қауым ресейлік футболшыларды қатал сынның астына алған болатын. Жолдастық кездесулердегі сәтсіз өнеріне қарап турнир қожайындары топтық кезеңнен аса алмайды деп болжағандар көп болды. Алайда, Станисла́в Черче́сов шәкірттері үш ойынның екеуінде жеңіске жетіп, топтан тосылмай шықты.
Соңғы турда Уругвай футболшыларынан 0:3 есебімен ұтылып қалмағанда өз тобында бірінші орын алуға да мүмкіндіктері мол болған.

Сыртқы әлемнің қысымына қарамастан Ресей елі Әлем біріншілігін жоғары деңгейде ұйымдастыруда. Жергілікті жанкүйерлер де өз құрамасының жеңіске жетуіне шын жүректен тілекші. Алайда, алаң иелері алғашқы пелй-офф кезеңінде азуы алты қарыс Испания құрамасымен кездесіп қалды. Жеңіске жетуден үміті бұлыңғыр ғана болғанымен, мыңдаған жанкүйерлерінің жанайқайынан шабыт ала отырып сенсация жасауға тырысып көретін болады.