Франция - Аргентина: Кімді келесі кезеңнен көреміз
Ресей жерінде өтіп жатқан ХХІ кезекті Әлем біріншілігінің топтық кезеңі өз мәресіне жетті. Төрткіл дүние түгел көз тіккен ғаламдық доданың топтық кезеңі тосын сыйларға толы болды, деп жазады prosports.kz сайты.
Ел күтпеген жағдайлардың шырқау шығы – Германия құрамасының плей-офф сатысына өте алмай қалуы болды.
Міне, енді жанарларды жаулаған жаһандық доданың плей-офф кезеңі де есік қағып тұр. Бұл айналымның шымылдығын Аргентина мен Франция құрамалары ашады. Месси бастаған оңтүстік америкалықтар топтық кезеңдегі сәтсіз ойындарынан кейін өз топбында екінші орын алып қалған болатын. Осылайша, 1/8 финалда бірден Еуропаның күміс жүлдегерімен кездесіп отыр.
1/8 финал
Франция - Аргентина (Астана уақыты 20:00). Келесі кезеңге өту мүмкіндігі: 60%-40%
Франция құрамасы – қорғаныс шебінен тарып шабуылшыларына дейін Еуропаның ең беделді клубтарында доп тебеді. Бір сөзбен айтқанда құрамы өте мықты. Шабуыл шебінде трансферлік құны 100 миллионнан асатын Дембеле («Барселона»), Гризманн («Атлетико»), Мбаппе (ПСЖ) қатарлы сұрапыл ойыншылар бар.

Жартылай қорғаушыларының да атанынан ат үркеді. Жасыл алаңының тең жартысын өз иелігінде ұстайтын Канте («Челси»)мен әлемде алғаш рет 100 млн еуроға бағаланған Погба («Манчестер Юнайтед») екеуінің өзі француз құрамасының қуатын аңғартып тұр.
Ал Умтити («Барселона») мен жылдамдығы шабуылшыға бергісіз Варан («Реал») құраманың қорғаныс шебін шыбын ұшып өте алмайтындай деңгейге жеткізген. Бұдан бөлек, қақпаны әлемдегі үздік қақпашылардың бірі Льорис («Тоттенхэм») күзететінін бәріміз білеміз.
Бұлар топтық кезңде аса қиындыққа ұшырай қойған жоқ. Үш ойынның екеуін жеңіп, соңғы матчта Даниямен тең тарқасты. Аустралияны 2:1, Перу құрамасын 1:0 есебімен жеңді.

Аргентина құрамасы – Месси бастаған жігіттер Ресей жерінде жанкүйерлерін керемет өнерімен қуанта алған жоқ. Тіпті, соңғы турға дейін топтан шығу-шықпауы белгісіз жағдайда болған. Тек соңғы ойында Нигерия футболшыларын 2:1 есебімен жеңіп, плей-офф жолдамасына қол жеткізді. Оның өзінде өз тобында екінші орынмен ғана. Ал топта бірінші орын алған Хорватия құрамасынан 0:3 есебімен ойсырай жеңілді. Исландиямен кездесу тең аяқталды.
Аргентина құрамасы 1/8 финалдағы қарсыласымен салыстырғанда құрамының қуаттылығымен мақтана алмайды. Себебі, оңтүстік америкалықтар сапына тек алпауыт командаларда өнер көрсететін футболшылар ғана емес, кіші чемпионаттарда доп тебетін ойыншылар да шықыртылған.

Аргентинаның ең үздік ойыншылары шабуыл шебінде өнер көрсетеді. Мессиді («Барселона») айтпаған күннің өзінде, Дибала, Игуаин (екеуі де «Ювентус»), Агуэро («Манчестер Сити») қатарлы шабуылшылардың барлығы Еуропаның ең беделді клубтарында доп тебеді. Алайда, ұлттық құрамада бұлардың қуатын 1+1=2 деуге келмейді. Себебі, атақты шабуылшы Игуаин мен Агуэро алаңға қатар шықса да клубтарында көрсетіп жүрген керемет өнерінің тым құрығанда тең жартысын ортаға сала алмайды.
Ал ала-құла деңгейдегі ойыншылардан жасақталған жартылай қорғанысы мен жалғыз Отамендиге («Манчестер Сити») арқа сүйеген қорғаныс шебі де аргентиналық жанкүйерлердің жүрегіне қуаныш сыйлап отырған жоқ.
Бұл құраманың бар сенері – шеберлігінде шек жоқ Месси ғана. Бұл ойыншының мықтылығы жайлы жазып отырудың өзі артық. Егер Месси бабында болып, қарсыластар оны тұсап ұстай алмаса, Аргентина құрамасы кімді болса да жеңуге дайын.

Оның үстіне, аргентиналықтар соңғы кезде көштің ең соңғы көлігіне үлгеріп кетуді әдетке айналдырып алды. Әлем чемпионатына іріктеу сынында ең соңғы турға дейін Ресейге жолдама беретін үздік бестіктің қатарына кіре алмай тұрды да, соңғы ойында Эквадор құрамасын 3:1 есебімен жеңіп, жолдаманы қалтаға басты. Ал Әлем біріншілігінің топтық кезеңінде алғашқы екі турдан бір ұпай ғана олжалаған еді. Соңғы турда Нигерияны жеңіп, топтан шықты. Мүмкін осы әдетіне басып, керек кезде керек жеңістеріне жете отырып, әлем шыңын тағы бір мәрте бығындыратын шығар.