Бельгия мен Англия топтық кезеңді сәтті аяқтады
Футболдан әлем біріншілігінде G тобының ойындары аяқталды.
Әлем біріншілігінің топтық кезеңін түйіндеген Панама мен Тунис құрамалары арасындағы ойында африкалықтар басым түсті.
Алғашқы таймда дебютанттар Мерияның автоголының арқасында есепте алға шыққан. Алайда, Тунис ойыншылары екінші таймда екі гол салды. 51-ші минутта Бен-Юссеф таблодағы көрсеткішті теңестірсе, 66-шы минутта Хазри африкалықтардың екінші голын салды.
Осылайша, Панама құрамасы тарихындағы алғашқы Әлем чемпионатын жеңіссіз аяқтады.
Бұл топтан 1/8 финалға доп додасының фавориттері Бельгия мен Англия құрамалары жолдама алды.
Қорытынды есеп: Панама – Тунис 1:2.
Голдар: Мерия (АГ) 33 – Бен-Юссеф 51; Хазри 66.
Чемпиондық атаққа таласатын қос құрама Англия мен Бельгия бүгін топтың үздігін анықтау үшін өзара кездесу өткізді.
Қос құрама да алғашқы екі турдағы жеңістеріне байланысты 1/8-ге жолдама алып қойған. Бұл матчта топтан бірінші орынмен кім шығары анықталды.
51-ші минутта Аднан Янузай матчтағы жалғыз голды соғып, бельгиялықтарға жеңіс сыйлады.
Осылайша, Бельгия құрамасы қоржындағы 9 ұпаймен топтан бірінші орынмен шықса, ағылшындар 6 ұпаймен екінші болды.
Қорытынды есеп: Англия – Бельгия 0:1.
Голдар: А.Янузай 51.