«Барыс» ХК мен «Астана» ФК баспасөз хатшылары футболдан әлем чемпионатында комментаторлық етуде
Сіздер олардың дауысын күнде естисіздер. Олар сіздер үшін күнде футболдан әлем чемпионатының ойындарынан тікелей репортаждар жүргізеді. Негізгі қызметтері өз клубтарындағы жаңалықтармен дер кезінде бөлісу болғанымен «Барыс» хоккей клубы мен «Астана» футбол клубының баспасөз қызметкерлері Евгений Акманов пен Дмитрий Нестеренко телеарнада да репортаж жасап үлгеріп жүр.
БАҚ өкілдерінің мерекесіне және 2 шілде Халықаралық спорт журналистері күніне орай «Астана» Президенттік клубының баспасөз қызметі әріптестеріне комментаторлық кәсіптері жайлы аз-кем сұхбаттасқан еді.
- Телеарналарда спорттық репортаждарды қашаннан бері жүргізіп келесіз және бұл сіздің комментатор ретіндегі нешінші әлем чемпионатыңыз?

Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы:<span> </span>2007 жылдан бері телеарналарда комментатормын. Алғашқы ойыным «Милан» мен «Севилья» арасында өткен УЕФА Суперкубогы. Ал алғашқы Әлем чемпионатым – 2010 жылы Оңтүстік Африка республикасында өткен мундиаль. Ол кезде мен ең жас комментаторлардың бірі болғам. Сондықтан, маған тек топтық кезеңнің ойындарын ғана берген. Алғаш рет комментаторлыққа шақырған шақ әлі есімде. Таңғалдым, қуандым, көңілім алып-ұшып тұрды. Жиырма жастан енді ғана асқан бозбаламын ғой. Қатты қобалжыдым. Бірақ, бәрі сәтті өтті. Қазір біраз тәжірибе жинадым.
Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі:<span> </span>Qazsport телеарнасында 2015 жылдан бері комментатормын. Сондықтан, бұл менің алғашқы әлем чемпионатым.
- Әлем чемпионатында қай команданың жанкүйерісіз?
Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы: 1997 жылдан бері МЮ және Англия құрамасының жанкүйерімін. Алайда, әр әлем чемпионаты сайын ағылшындар оңдырмай келеді. Осы Ресейде өтіп жатқан мундиаль менің командам үшін сәттірек болады деп үміттенемін.

Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі: Комментаторларға қандай да бір командаға жанкүйер болуға болмайды. Өйткені, эфир барысында сен барлығына объективті қарауың қажет. Алайда, Англия құрамасы үшін тақым қысып отырамын. Себебі, мұнда жас та болса, жеңіске деген құштарлықтары зор футболшылар жетерлік. Оның үстіне, Гарет Саутгейттің бапкерлігімен ағылшындар өте әдемі ойын көрсетіп жүр. Құрметке лайық команда. Жалпы, өзім талай жылдан бері «Манчестер Юнайтедтің» жанкүйерімін. Бұл клубтың да ойыншылары ұлттық құрамада баршылық.
- Трансляция кезінде қандай қиындықтарға кезіктіңіз?
Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы: Әлем чемпионатында 32 құрама. Кейбірі қалың көрерменге тіптен беймәлім командалар. Мәселен, Панама мен Сауд Арабиясының футболшылары туралы ақпараттарды табу өте қиын, Жапония мен Оңтүстік Корея құрамаларының футболшыларынан да шатасасың. Аттастар өте көп. Бұдан бөлек, Әлем чемпионатына жанкүйерлердің назары ерекше болады. Бәрінің көңілінен шығу оңай емес. Жастардың да, егделердің де алғыстарын ала білуің қажет.
Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі: Шынын айтқанда, глобальді мәселе жоқ. Кез келген проблеманы ақылмен шешуге болады. Дегенмен, комментаторлық менің басты жұмысым болмағандықтан кеш өтетін ойындарда шаршаңқылығым байқалады. Бірақ, ойын қызықты болса, бәрін ұмытып кетемін.
- Әлем чемпионатында қай ойынға комментаторлық ету қызық болды?
Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы: Ең қызық ойын Испания мен Марокко арасында өтті. Комментаторлық ету қызық болды. Драмаға толы кездесу еді. Сондай-ақ, Мексика мен Германия арасындағы кездесу де эмоцияға толы болып, күтпеген есеп тіркелді. Англия мен Тунис арасындағы матчта ағылшындарға жанкүйер екенімді білдіріп алмауға тырыстым. Бір жағынан «Тұманды альбион» өкілдеріне лайықты қарсылас бола білген тунистіктерге де риза болдым.
Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі: Ең қызықты ойыным әлі алда деп үміттенемін. Алайда, Аргентина – Хорватия және Франция – Перу құрамалары арасындағы ойындарда комментаторлық еткен ұнады.
- Осы мундиальдағы өзіңіздің үздік үштігіңізді атаңыз.
Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы: Германия, Франция, Хорватия.
Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі: Англия, Хорватия, Германия.
- 28 маусым – Қазақстанда Ақпарат және байланыс қызметкерлері күні, ал 2 шілде – Халықаралық спорт журналистері мейрамыз. Әріптестеріңізге бір тілек.
Евгений АКМАНОВ, «Барыс» ХК баспасөз хатшысы: Бірінші кезекте аға әріптестерім Сергей Райлян мен Владимир және Андрей Жарковтарға рахмет айтқым келеді. Маған сеніп, комментатор ретінде көрерменге танытқан осы ағаларым. Көп нәрсе үйретті. Ал әріптестеріме жоғары жалақы және еңбектерінің бағалануын тілеймін!
Дмитрий НЕСТЕРЕНКО, «Астана» ФК баспасөз қызметінің жетекшісі: Әріптестеріме қызықты да, құлшныспен кірісетін қызмет және өтімді материалдар мен соған лайық, жоғары жалақылар тілеймін!