Аргентина Нигерияны ұтып, жолдаманы жеңіп алды
<span>Санкт-Петербор қаласында Нигерия мен Аргентина құрамалары кездесті. </span>
<span>Мессидің алаңға ерекше күш-жігермен шыққан. Банеганың 30-40 метрден алға асырған пасын мүлт жібермеген Месси 14-минутта қорғаушыны алдап өтіп, оң қанаттан қақпа бұрышын дәл көздеді - 1:0. 27-минутта қақпашымен жекедара шыққан Игуаинның гол соғуына Узохо мүмкіндік берген жоқ. Бес минут өтер-өтпесте айып алаңына таман Ди Марияны нигериялықтар шалып жықты. Месси тамаша орындаған айып добы Узохоның саусақ ұшына тиіп барып, қақпа жақтауынан кері қайтты. Екінші тайм басында бұрыштамадан берілген доптан кейін Джюнейт Чакыр Аргентинаның ең тісқаққан футболшыларының бірі Хавьер Маскерано өз айып алаңында Леон Балогунды құшақтап құлатқандықтан, 11 метрлік пенальти белгіледі. 51-минутта лондондық «Челсидің» намысын қорғайтын Виктор Мозес мүлт кеткен жоқ - 1:1. </span>
<span>Аргентиналықтар алға ұмтылғанымен, нигериялықтар қарымта шабуылға шығып отырды. 75-минутта Ахмед Мұса сол қанаттан айып алаңына доп асырды. Екінші таймда алаңға шыққан Одион Игало қақпаны дәл көздей алмады. Доп аргентиналық Маркос Рохоның қолына тигенімен, төреші бұл жолы бейнеқайталаудан кейін пенальти белгілеуді құп көрген жоқ. 83-минутта Игалоның соққысын Армани қайтарып үлгерді. Барын салған аргентиналықтар 86-минутта дегеніне жетіп, Кристиан Павонның оң қанаттан берген пасынан кейін орталық қорғаушы Маркос Рохо қақпа бұрышын дәл көздеді - 2:1. Сөйтіп Мессиі бар аргентиналықтар Нигерияны тізе бүктіріп, жолдаманы жеңіп алды. Бұл топта Дондағы Ростовта Исландия мен Хорватия құрамалары кездесіп, онда хорватиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша D тобында 9 ұпаймен озып шыққан Хорватия плей-офф кезеңінде С тобында екінші орынды иеленген Даниямен алаңға шығады. Ал Аргентина С тобында үздік атанған Франциямен ширек финал жолдамасын сарапқа салады.</span>