Жамбыл Көкеев: Мені «Сельтаға» жібермей қойды

Жамбыл Көкеев: Мені «Сельтаға» жібермей қойды

«Қайрат» пен «Қайсарда» өз ойынын көрсете алмаған Жамбыл Көкеев биыл «Ақтөбеде» тұрақты өнер көрсетіп жүр. Prosports.kz тілшісіне берген сұқбатында Жамбыл мансабының соңғы жылдарын неге сәтсіз өткізгенін айтып, «Ақтөбенің» бүгінгі жағдайы туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, мансабын неге шетелде жалғастырмағанын түсіндірді.

- Жамбыл, алғашқы сұрақты «Ақтөбеден» бастайық. «Ақ-қызылдар» жейдесін киюіңе не себеп болды?

- Былтыр маусым аяқталған соң, үйде демалып, алдағы жиындарға дайындалып жүргенмін. Жаңалықтардан Самат Смақов «Ақтөбенің» бас директоры болғанын оқыдым. Сөйтіп, Смақовқа хабарласып, «Ақтөбемен» бірге жиынға барсам, қалай қарайсың?» деп сұрадым. Ол бірден «иә, кел» деді. Смақовты өте жақсы білемін. Сөйтіп, «Ақтөбемен» бірге жиынға аттандым. Команда жақсы қарсы алды.

- Сонда «Ақтөбеге» ауысуыңа негізгі себеп Смақовтың бас директор болып тағайындалуы ғой?

- Жоқ, сол ғана емес. Ең біріншіден, «Ақтөбенің» жанкүйерлері қатты ұнайды. «Ақтөбеге» қарсы ойнау өте қиын болатын. Негізі, қашан да осы Ақтөбеге келіп, ойнағым келетін. «Ақтөбе» сапында, тіпті, оған қарсы ойнасам да, осы атмосфераны сезінгім келетін. Себебі бұл жақтың стадионы, атмосеферасы, алаңы рахат қой. Қала футболмен өмір сүреді. «Ақтөбеге» келуіме осының бәрі себепші болды. Бұрын «Ақтөбеге» қарсы ойнап жүргенде де, осы клубқа ауыссам екен деп ойлайтынмын. Бұл клубта ойнау арманым десем де болады.

- Енді мансабыңның «Қайсардағы» кезеңі туралы айтып өтейік. «Қасқырлар» сапында неге өз потенциалыңды көрсете алмадың?

- «Қайсарда» бас бапкер Стойчо Младенов көп мүмкіндік берген жоқ. 20 ойында 1-2 рет қана шығарады. Оның өзі негізгі құрамда емес. Сондықтан, өзімді көрсете алмадым. Младенов бір ғана құраммен ойнағанды жасқы көреді. Жаттығуда өзіңді көрсетесің бе, көрсетпейсің бе, оған қарамайды. Матч сайын бір құрамды қоя береді. Ондай кезде өзіңді байқату қиын ғой.

- «Қайрат» сапына ауысқан соң ауыр жарақат алдың. Алматылық клубта ашыла алмауыңа осы себеп пе?

- Иә, 2014 жыл болатын. Жарақатымның кесірінен 1,5 жылымды өткізіп алдым. Шүкір, кейін аяғымнан алған жарақатым емделді. Бірақ кейін өз қалпыма келуім қиынырақ болды. Оның үстіне, өзіме де психологиялық тұрғыда салмақ түсті. Бір жарым жылдан соң алаңға оралу оңай емес қой. Енді өз ойынымды қайта көрсете бастаймын деп үміттенемін.  

ÐаÑÑинки по запÑоÑÑ ÐºÑкеев акÑобе

- Кәсіпқой мансабыңның басталғанына 12 жыл болды. Осы уақыт аралығында мансабыңның ең үздік кезеңі деп қай уақытты айта аласың?

- Ең үздік кезеңім «Шахтерде» болды деп ойлаймын. 2006 жылы алғаш рет Қазақстан чемпионы болғанымда әлі жас едім. Ал мансабымның шарықтау шегі деп 2011-2012 жылдары «Шахтер» сапында Виктор Кумыковтың жаттықтыруымен ойнаған кезімді айта аламын.

- Сұқбатқа дайындалып жатқан кезде, сен туралы бір материалға көзім түсті. Мұнда сен «Қайратта» ойнап жүрген кезіңде жанкүйерлермен сөзге келіп қалған екенсің. Тіпті, біреуі саған футбол ойнауды үйретпек болып, кездесетін орын мен уақытты да белгілеген екенсіңдер...

- Иә, есімде. Ондай жанкүйерлер көп қой. Бірақ ол келіскен уақытта келген жоқ. Келмейтінін де білдім. Ондай нәрсе маған керек те емес қой. Телефонның ар жағында кім отырғанын білмейсің. Оқушы шығар мүмкін. Өмірді көрмеген бала біреуді ғайбаттауға келгенде мықты ғой қазір. Мен жәй ғана соны түсіндіргім келді.

- Сол пікірлердің ішінде сенің балалық шағың туралы жазбаңды оқыдым. Бала кезіңнің ауыр болғанын жазыпсың.

- Иә, қиын болғаны рас. Біріншіден, транспорт жоқ. Оған ақша да болмады. Сондай күндерден өттік. Оларды айту үшін бір сұқбат аздық ететін шығар (күліп). Осы сәтте әкеме жәй ғана рақмет дей салу аздық етеді. Мені бір жаттығудан қалдырмады. Шымкентте болсын, Ташкентте болсын, бір турнирден қалдырмай, қолдау көрсетті. Бірге барып, нұсқауларын айтып тұратын. Футболшы болғаным әкемнің арқасында. Кейде әкемнің өзіне айтсам, ішкі сезімімді дұрыс жеткізе алмай қаламын. Мүмкін, әкем осы сұқбатты оқитын шығар. Оған айтар алғысым өте көп.  Маған сенім артқан анама да рақмет айтып өтейін.

- Енді бүгінгіге оралайық. Ғаламторды ақтарып отырып, сенің германиялық «Шальке 04» клубында байқауда болғаныңды оқыдым. Бұл рас па?

- Жоқ, ондай болған жоқ.

- Жалпы, мансабыңда шетелдік клубтардан ұсыныстар түсті ме?

- Иә, түскен. Мысалы, испаниялық «Сельта» ұсыныс жасады. Бұл 2008 жыл болатын. Ол кезде «Сельта» Сегундада (Испанияның екінші дивизионы – ред.) ойнайтын еді. 2009 жылы мәскеулік «Спартактан» ұсыныс түсті. Бірақ «Спартак» тіке өзіме шыққан жоқ. Мені ешкім ол жаққа жібергісі келмеді.

- Ал «Сельтаға» ше?

- «Сельтаға» ауысуыма да болатын еді. Бірақ келісімшартым бітпеген сәт. Нақты кім екенін айтпай-ақ қояйын, бірақ мені «Сельтаға» жібергісі келмеді. Қазақстанда ойнай бергенімді қалады. Сөйтіп, осында қалып қойдым.

- Өзіңді шетелдік лигаларда сынап көргің де келген шығар?

- Әрине. Негізі, бірінші кезекте шетелдік клубқа ауысқым келген. Шет елде ойнау арманым еді. Мүмкін, ондай мүмкіндіктер болған да шығар, өзім пайдалана алмадым ба екен? Кім біледі.

- «Қайраттан» кеткеннен кейін, ешкіммен келісімшарт жасаспай тұрған сәтте шетелдік клубтармен келіссөз жүргізбедің бе?

- Түркияның Бірінші лигасынан, Өзбекстаннан ұсыныстар түскен. Бірақ мен оларды қарастырмадым да. Қазақстанда қалдым. Себебі мұнда маған сенбеген, қазір де сенбей жүрген адамдар көп. Соларға өзімді дәлелдегім келді. Бірінші кезекте, сол мақсатпен Қазақстанда қалдым.

- Биыл «Ақтөбедегі» қазақстандық ойыншылардың ішінде тұрақты ойын көрсетіп жүрсің. Дәл қазір құрамада ойнайтын деңгейге қайта шықтым деп ойлайсың ба?

- Әрине, дайынмын. Шақырту алсам, қуана ойнаймын. Өйткені, құрама дегеніміз басқа деңгей. Өз елің үшін беріле ойнайсың. Бір мүмкіндік берсе, бар күшімді салып, пайдаланамын.  

- Қазір құраманың бас бапкері Станимир Стоилов «Астана» мен «Қайраттың» ойыншыларына ғана басым назар аударады. Бұл жүйеге қалай қарайсың?

- «Астана» мен «Қайрат» бөлек деңгейде ғой. Стоиловтың шешімі сол. Мен оған ештеңе дей алмаймын. Бір жағынан, онікі де дұрыс шығар. Біздің деңгейіміз оларға жетпей жүрген болар.

- Сенің мансабыңда «Астана» да, «Қайрат» та болды. Маусымнан кейін екеуі ұсыныс жасаса, қайсысын таңдар едің?

- Ол туралы ештеңе ойлап жүрген жоқпын. Қазір бар ойым – «Ақтөбеде». Алға қойған мақсатымыз бар. Соны орындауға тырысамын.

- Мақсат қандай?

- Биылғы жағдайды көріп жүрсіздер. Клубта түрлі қиыншылықтар болып жатыр. Бұған дейінгі қарыздардың салдарынан зардап шегіп отырмыз. Өзіміз де осы қалаға, Смақовқа, бапкерімізге көмектескіміз келеді. «Ақтөбе» футбол клубы қалсын, болсын деп жүрміз. Мақсатымыз – мүмкіндігінше жоғары болу, бірақ маңыздысы қазір Премьер-лигада қалу болып тұр ғой.

- Смақов жақында клубтан тағы да алты ұпай алынуы мүмкін екенін айтты. Легионерлердің көбі командадан кеткісі келеді деген. Дәл қазір ойыншылардың арасында ішкі атмосфера қалай болып тұр?

- Ойыншылардың арасында атмосфера жақсы, жалпы. Әрине, егер тағы да ұпай алатын болса, бұл өз кесірін тигізеді. Негізі, мұның бәрі бізге байланысты емес. Біздің қолымыздан келетіні – әр матчта жеңіске жету.

- Смақовтың айтуынша, клубтың көп ойыншысына басқа командалар ұсыныс жасаған. Сенде ешқандай ұсыныс жоқ па?

- Ондайды бізге айтпайды ғой. Бірақ мен командада қалғым келеді.

- Соңғы сұрақ. Дәл қазір «Ақтөбенің» қиын жағдайда екенін айттық. Осы тұста жанкүйерлерге не айта аласың?

- Бірінші кезекте, оларға алғысым шексіз. Әр ойын қолдаусыз өтпейді. Үйдегі ойындарды асыға күтеміз. Атмосфера тамаша. Бізді алға сүйрейтін солар. Олар қолдап, айқайлаған кезде бәріміз жүгіріп кетеміз. Екіншіден, оларға айтар өтінішім бар. Бізге соңына дейін қолдау көрсетіңіздер, сеніңіздер. Ештеңеге уайымдамаңыздар, бәрі жақсы болады. Біз жағдайды жақсартуға тырысамыз, жеке өзімді айтайын: мен алаңнан бар күшімді салмай кетпеймін. Тек қолдауларыңыз бітпесін!

- Жамбыл, рақмет! Саған және «Ақтөбеге» сәттілік тілеймін!

- Рақмет!

 

Сұқбаттасқан: Есет Төлеш

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или