ЮНИСЕФ пен «Ақтөбе» клубы жолдастық ойын өткізді
Ақтөбенің Орталық стадионында Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) мен «Ақтөбе» ФК Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Тәлімгер ата-ана» ұраны аясында футбол матчын өткізді.
Балалар мен ата-аналардың қатысуымен өткен матч балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған ЮНИСЕФ коммуникациялық кампаниясын қолдау мақсатында өтті.
Балаларды қорғау жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі Айсұлу Бекмұсаның айтуынша, турнирдің басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды көрсету мен балалар мен ата-аналардың арасындағы жақсы қарым-қатынас қалыптастыру.
-Биыл басталған ЮНИСЕФ-тің коммуникациялық кампаниясы балаларға қатысты зомбылықтың алдын алу ғана емес, ата-аналардың балалардың құқығын сыйлай отыра жұмсақ мәміле құруға бағытталған. Баламен жақсы мәміле құру - бұл балаға жақсы тәлім-тәрбие беру, оның өз бетінше өмір сүре білуін жетілдіру, оның талап-тілектеріне құрметпен қарау. Біз сондықтан да ата-ана мен баланың арасында диалогтың маңыздылығын көрсететін осындай шараны ұйымдастырып отырмыз», - деді балаларды қорғау жөніндегі бағдарламалар үйлестірушісі Айсұлу Бекмұса.
Сонымен қатар, іс-шара барысында балалар арасында «Мен ата-анамды жақсы көрем» тақырыбына негізделген асфальтта сурет салу конкурсы өткізілді.
«"Ақтөбе" ФК үшін бұл шараның маңызы зор. Баланы дұрыс тəрбиелеуге бағытталған қоғамдық жобаның əсері зор болатыны анық. Біз ЮНИСЕФ ұсынған ұсынысқа бірден жауап қатып, аталған матчты бірлесіп жасауға келістік. Балалар мен футбол - біздің жарқын болашағымыз. Спортпен айналысу, дұрыс даму жəне салауатты өмір салтын ұстану - біздің балаларымыздың болашақтағы жеңісінің кепілі! Біз балаларды қолдаймыз! Біз футболды қолдаймыз!», - деді Ақтөбе облысының Футбол Ассоцияциясының бас директоры, Асхат Қалжанов.
Естеріңізге саламыз, кампания 2018 жылдың қаңтарында бастау алды және еліміздің алты өңірін қамтиды. Оның басты мақсаты – ата-аналар мен қоғамның балаларды тәрбиелеу барысында қолданатын әлеуметтік нормаларын, қағидаттарын, тәсілдерін өзгерту.