«Астана» ойыншылары қысқа мерзімді демалысқа шықты
«Астана» ойыншылары ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарына байланысты қысқа мерзімді демалысқа аттанды, деп хабарлайды клубтың ресми сайты.
Үзілістен кейінгі алғашқы жаттығуды команда 8 маусым күні өткізеді. Бұл күні ұлттық құрамаларына шақырту алмаған ойыншылар жиналатын болады.
Еске сала кетейік, «Астана» сапынан өз ұлттық құрамаларына 13 футболшы шақырту алған еді. Соның 10-ы Қазақстан құрамасына. Олар: қақпашы: Ненад Эрич, қорғаушылар: Дмитрий Шомко, Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Евгений Постников, жартылай қорғаушылар: Бактиер Зайнутдинов, Серікжан Мужиков және шабуылшылар Роман Муртазаев пен Алексей Щеткин. Бұл ойыншылардан бөлек, Иван Маевский мен Игорь Шитов Беларусь құрамасына аттанса, Кляйнхайслер Венгрия құрамасына шақырту алған болатын.
Сондай-ақ Қазақстан жастар құрамасына Юрий Перцух шақырту алды.