«Ақжайық» ерлеп, «қасқырлар» азусыз көрініп жүр
Орал мен Қызылорда қалаларында ел чемпионатының 7-туры аясындағы кездесулер өтті.
«Ақжайық» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдаған. Алаң иелері 26-минутта Берік Шаиховтың көмегімен алға шыққан. Алайда екінші таймның басында «кеншілердің» беларусьтік легионері Александр Володько таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп – 1:1.
Осы ойыннан кейін «Ақжайық» 9 ұпай еншілеп, 6-шы орында тұр. Ал «Шахтер» 10 ұпаймен 5-ші орында келеді. Айта кетейік, оралдық ұжым осы маусымда өз алаңында жеңілген жоқ.
«Ақжайық» - «Шахтер» 1:1 (1:0)
Голдар: 1:0 – Шаихов 26, 1:1 – Володько 53
Ал қызылордалық «Қайсардың» жағдайы әлі мәз емес. Стойчо Младенов шәкірттері өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдаған. Жанкүйерлер бұл ойында гол көре алмады. Командалар есеп ашпай, матч 0:0 есебімен аяқталды.
«Қайсар» 7 тур бойы жеңіске жете алмай келеді. Команданың еншісінде 3 қана ұпай бар – 11-орын. Ал жақында ғана Еуропа лигасынан шеттетілген «Ордабасы» 13 ұпаймен 4-ші сатыда тұр. Шымкенттік команда соңғы 3 матч бойы жеңіске жете алмай келеді.
«Қайсар» - «Ордабасы» 0:0