Кирил Морунов: Халықаралық турнир қай бағытта жүру керек екенімізді көрсетті
14 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Кирилл Морунов Ереван қаласында өткен «Даму Кубогы - 2018» халықаралық турнирінің қорытындысы туралы айтып берді:
- Ең алдымен, 14 жасқа дейінгі құраманы жасақтаған Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтқым келеді, - дейді жас маман. – Құрамаға шақырылған ойыншылар үшін алғашқы халықаралық тәжірибе болды.
Кубок ойындарында біздің футболшылардың мүмкіндігін қарсыластардың деңгейімен салыстырып қарадық. Біздің футболшылардың жекелей шеберлігі мен командалық ойынын атап өтуге болады. Қазақстан құрамасы қарсыластарынан кем түскен жоқ. Тек Иранмен өткен оңай болмады. Өйткені, қарсылас физикалық тұрғыдан мықты болды. Ал, қалған төрт ойында сәттілік жетіспеді. Дегенмен, команда жақсы футбол көрсетті.
«Даму Кубогы - 2018» жарысы футболшылар мен жаттықтырушылар штабына дамудың қай кезеңінде келе жатқанымызды түсінуге мүмкіндік берді. Біздің құрамаға халықаралық тәжірибе жетіспейді деп санаймын. Халықаралық жарысты бірде бір оқу-жаттығу жиыны алмастыра алмайды. Сол себепті осындай сапарлар футболшылардың шеберлігін арттыруға әкеледі.
Жарысты ұйымдастырушылар барлық қолайлы жағдайды жасады. Сапалы жасыл алаң мен жоғары деңгейлі қарсыластар. Ең бастысы турнир аяқталғаннан кейін біз қай бағытта жүру керек екенімізді білеміз.