Владимир Муханов: Тартысқа толы өткен ойында «Тобылдың» жолы болды
«Ақ-қызылдардың» бас бапкерінің «Тобылмен» өткен ойыннан кейінгі пікірі – 0:1.
- Ойын тартымды болды деп айтпас едім. Бірақ шиеленіске толы өтті. Командалар аса көп қауіпті шабуыл ұйымдастыра қойған жоқ, жалпы айтқанда тартысқа толы өткен ойында «Тобылдың» жолы болды. Олар бүгінгі ойынның дерби екенін білді, біз де өз тарапымыздан жігіттердің жігерін жаныдық. Бірақ қарсылас допқа таласта үстем түсіп жатты. Бұл дегеніңіз «Тобыл» ойыншыларының ойынға тас-түйін дайын келді деген сөз. Бірінші тайм басында қарымта шабуылдан көз жазып қалдық. Алайда «Тобылдың» жоспарын біз бірден аңғарғанбыз – қорғанысты күшейтіп, қарымта шабуылға иек арту. Олар ойын тізгінін бізге саналы түрде берді. Ал біз допқа иелік ете отыра ешнәрсе тындыра алмадық. Бекем қорғанысты бұзып-жару қиын болды, қарсыластың ойыншыларына жарға соғылғандай соғылып жаттық. Бұл жерде допты жылдам домалатып, бағытты тез өзгертіп отыру керек еді және қос қаптал латеральдары белсенді қимылдаулары керек-тін. Олай болмады. Жартылай қорғаныстың әрбір ойыншысы кемінде допты төрт-бес рет қайтара ұстап, жылдамдықты тежеп отырды. «Тобылға» допты қақшып алу қиынға соқпады. Біздің бірінші таймда ешқандай мүмкіндіктеріміз болған жоқ. Екінші таймда төрт қорғаушыға ауысып ойнадық. Өкінішке орай, екі футболшымыз жарақаттарына байланысты ойыннан шығып қалды. Юриннің ойынға қосылуымен ойын жақсара түсті. Рейналдо есепті теңестіретін керемет мүмкіндікті пайдалана алмады. «Тобыл» бүгін ұжымдасып ойнады, допты қалай ұстау керектігін көрсетті. Ал біз позициялық шабуылымызды жақсарту үшін көп жұмыс жасау керек.