«Астананың» ойыншылары «балаларға арналған футбол» науқанына қатысты
«Астана» Президенттік клубының құрамына енетін «Астана» футбол клубы балаларға арналған футбол науқанын қайта бастады.
Бұл акция бойынша 12 сәуір күні №59 мектеп-лицейінің «2» Г және И сынып оқушыларына ашық дене шынықтыру сабақтары өткізілді. Аталмыш сыныптың оқушыларына ашық дене шынықтыру сабағын «Астана» футбол орталығының жаттықтырушысы Жанат Закиров пен елордалық команданың жастар құрамының ойыншылары Виктор Пронь мен Саян Мұқанов жүргізді.
Жанат және Саян мен Виктор жылдамдық, допты алып жүру, пас беру сияқты футбол дағдылары бойынша балаларға өз тәжірибелерімен бөлісті.
Сондай-ақ ашық сабақтың қызықты өтуіне «АстанаFF» футбол фристайл мектебінің бапкері өз үлесін қосып, іс-шара барысында балалардың көңілін көтерумен болды.
Ашық сабақ соңында №59 мектеп-лицейі оқушылары мен ұстаздарына естелік сыйлықтар мен 14 сәуір күні «Астана Арена» стадионында өтетін «Астана» және «Қайрат» командалары арасындағы ойынға билеттер табыс етілді.
«Астана» футбол клубы стадионның Е8 секторын «отбасылық сектор» жасауды жоспарлап отыр. Ал балаларға арналған футбол науқанының қатысушылары өз ата-аналарымен бірге осы секторда «Астана» футбол клубының өз алаңындағы кездесулерінде елордалық командаға жанкүйерлік ететін болады.