«Спортинг» өзінің 19 ойыншысын жазалады
Лиссабондық «Спортингтің» президенті Бруно де Карвалью 19 ойыншыны жазалады.
Енді оларға португалиялық клубтың офисіне, академиясы мен базасына және «Жозе Алваладе» стадионына кіруге болмайды.
Бұл жанжал Еуропа лигасының ширек финалында «Спортингтің» испаниялық «Атлетикодан» ұтылуынан басталған болатын. Команда 2:0 есебімен жеңілген соң, «Спортингтің» президенті ойыншыларды сынға алды. Бұған 19 футболшы әлеуметтік желі арқылы клуб президентіне үндеу жолдап, сол сәтте қолдамағаны үшін айыптады.
«Оны жазған ойыншылардың бәрі де клубтан шеттетіледі. Оларға жаза қолданылады. Бұл бұзылған балалар ешқашан да ешкімді құрметтемейді, бірақ жанкүйерлер мен менің төзімім бітті», - деп жазды Карвалью.
Жазаланған ойыншылар ішінде Португалиямен бірге Еуропа чемпионатын ұтып алған Руй Патрисиу, Вильям Карвалью, Коста-Рика құрамасының шабуылшысы Брайан Руис, мадридтік «Реалдан» жалға алынған Фабио Коэнтрау және 4 млн еуроға сатып алынған Сейду Думбия сынды көшбасшы ойыншылар бар.
Енді 8 сәуірде чемпионатта «Пасуш де Феррейраға» қарсы матчта «Спортинг» өзінің дубльдік құрамымен ойнайды деп күтілуде.