Өз құрамаларына шақырылған Қазақстанда ойнайтын ойыншылар
Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын бірнеше легионер өз елдерінің ұлттық құрамасына шақырту алды.
19-27 наурыз аралығы – ФИФА ұйымының ресми ойындар өткізетін күндері.
Аталған уақытта ұлттық құрамалар арасында көптеген жолдастық кездесулер өтеді. Қазақстан құрамасы да жолдастық кездесулерден тыс қалмайды. Бірнеше күн бұрын Қазақстан құрамасына шақырту алғана ойыншылардың тізімін жариялағанбыз.
Ендігі кезек Қазақстан чемпионатында ойнайтын, өз құрамаларына шақырту алған ойыншыларда.
«Астана» клубының ойыншылары Иван Маевский мен Игорь Шитов Беларусь құрамасына шақырту алды. «Ертіс» намысын қорғайтын Сергей Кисляк та аталған құрамаға қажет ойыншылар қатарында.
Елордалық ұжымның тағы бір ойыншысы Ласло Кляйнхайслер мен алматылық «Қайрат» жартылай қорғаушысы Акош Элек Венгрия құрамасына шақыртылды.
«Тобыл» намысын қорғайтын қос грузиялық ойыншы Ника Квеквескири мен Джаба Канкава да өз елінің намысын қорғайтын болады. Грузия құрамасына шақыртуды «Ордабасы» ойыншысы Джамбули Джигаури да алды.
Армения елінің намысын қорғау үшін Қазақстан чемпионатынан үш ойыншы шақыртылды. Олар: «Жетісу» ойыншылары Эдгар Малакян мен Камо Оганесян және «Ақтөбе» футболшысы Маркос Пиззелли.
Қарағандылық «Шахтер» клубынан бір ойыншы өз елінің ұлттық құрамасына шақырту алды. Ол - Черногория құрамасына шақыртылған Дамир Кояшевич.