«Ертіс» жаңа құрамын жанкүйерлерге таныстырды
Қазақстанның ең титулды клубы, бес дүркін ел чемпиондары болған павлодарлық «Ертіс» команданың жаңа құрамын жанкүйерлерге «Баянтау» спорт кешенінде таныстырды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
- Бірінші кезекте мен қолдауын аямайтын жанкүйерлерге алғыс білдіремін, - деді бас бапкер Жерард Нус. – Біз үлкен отбасыны құрып жатырмыз. Жанкүйерлерсіз «Ертіс» клуб емес! Футбол жайлы көп айтуға болады, бірақ, оқу-жаттығу жиындарындағы дайындықты жасыл алаңда көрсетеміз. Біз биік белестерді бірге ғана бағындыра аламыз.
Айта кетейік, команданың таныстыру шарасына Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов арнайы келіп қатысты.
«Ертіс» үшін 2018 жылғы Премьер-Лига ойындары 11-наурыз күні «Атырауға» қарсы кездесуден басталады. Ойын Орталық стадионда өтеді.
Еске салайық, Жерард Нустың шәкірттері 4-наурыз күні омбылық «Ертіс» командасымен жолдастық кездесу өткізеді. Матчқа кіру тегін. Басталуы: сағат 15:00-де.